Тайжан: Жер комиссиясының қай мүшесі қалай дауыс бергенін ел білуі керек
2016 ж. 24 шілде
2278
0
Жер комиссиясының қай мүшесі қалай дауыс бергенін ел білуі керек. Атырау қаласында өткен Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында саясаткер, комиссияның құқықтық жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан осындай ұсыныс тастады.
«Комиссия жұмысы елдің назарында. Ақырғы шешім қалай қабылданатынына бәрі алаңдаулы. Сондықтан, жерді сату, жалға беру мәселелерінде кім қалай дауыс берді деген ақпараттар ашық болуы керек», – дейді Мұхтар Тайжан.
Комиссия отырысында саясаткер төмендегі мәселелерге назар аудартты.
«Жайылым жер жетіспей жатыр. Әр ауылдың аймағында нақты радиус ішінде жайылым жер ешкімге жалға берілмеу керек.
Екінші үлкен мәселе – қазақстандықтарға жерді жалға беру. Кейбіреулер біледі, біреулер білмейді, соңғы заңнама бойынша жерді жалға алу мүмкіндігі алынып тасталды. Біз сол мүмкіндікті қалдыруды ұсынамыз. Келесі қадам, латифундизмге қарсы шаралар. Бір адамға берілетін жердің көлеміне шектеу орнатылады. Амандық болса, осы ұсыныстар парламентке беріледі.
Сонымен қатар, комиссиядағы ұсыныстар ішінде келіспейтін жерлер де бар. Мәселен, кадастр мәселесі. Ол деген ашық мәлімет. Қазір жер кімнің қолында деген еш ақпарат жоқ. Ол жеке ақпараттар туралы заңға қайшы болып отыр. Меніңше, жер туралы ақпарат жарияға шығуы керек.
Жерді шетелдіктерге сатпаймыз деп жатырмыз. Бірақ, шетелдіктердің үлесі бар фирмалар жерді сатып ала алады, жалға ала алады. Біздің ұсынысымыз – шетелдіктердің үлесі бар фирма жерді жалға алмасын, сатып алмасын.
Сосын прогрессивті жер салығы туралы айтқым келеді. Ол туралы комиссия төрағасы да айтып кетті. Бұл ұсыныс келесі салық кодексіне енеді. Осы ұсынысты комиссияның ресми түрде қабылдауын ұсынамын.
Соңғы отырыста Айдын деген жігіт Үржар мәселесін көтерді. Біз жазбаша арызын алдық, шығысқа тексеріс жібердік. Ауыл шаруашылығы министрлігі сол тексеріс қорытындысын жариялайды деп сенемін.
Заңды қабылдау бар да, оның талаптарын жүзеге асыру бар. Елде 144 аудан бар, 75 комиссия мүшесі бар. Комиссия мүшелерін аудандарға бөліп, сол аудандардағы заңның орындалуын бақылайтын мүмкіндік алсақ, есеп берсек. Сонда ғана біздің шешімдер жүзеге асады.
Ең кемі 10 пайыз жер оралмандарға қалу керек. Болашақта шет елден қазақтар келеді. Оларға жер қалу керек.
Президент жер мәселесі компромиспен шешілуі керек деп айтты. Жерді сату, сатпау, шетелге жалға беру, бермеуге қатысты түрлі көзқарас бар. Егер біз осы мәселеде келісімге келе алмасақ, мораторийді бес жылға ұзарту керек», – дейді Мұхтар Тайжан.
Саясаткер сондай-ақ, облыс басшысы Н. Ноғаевқа ежелгі астана Сарайшық қаласының ахуалы туралы өтініш айта келе, жер митингісіне шыққан азаматтардың тағдырын қозғады.
«24 сәуірдегі митингте өзіңіз болдыңыз. Митинг кезінде ештеңе қирап, бүлінген жоқ. Сол митингіде сіздің жаныңызда тұрған екі азамат түрмеде отыр. Ондай митинг көп жерде болды, бірақ, Атыраудың жігіттері ғана түрмеге қамалып отыр. Әрине, ол сіздің қолыңызда емсес, бірақ оларды босатуға ат салысасыз деп үміттенемін», – деді Мұхтар Тайжан облыс басшысына қарата.
Сонымен қатар, Шеңгелді, Заречный ауылдарының дихандары мен тұрғындарының жерді сатуға, шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген хаттарын тапсырды.