Рамзан Қадыров: Қазақстан тұтас бір буын шешен азаматтары үшін екінші Отанға айналған
2016 ж. 19 шілде
2297
0
Шешен Республикасының президенті Рамзан Қадыров Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және барша Қазақстан халқына Алматыдағы қанды оқиғаға байланысты көңіл айтты.
«Біз Алматыда полиция қызметкерлері мен бейбіт тұрғындардың өмірін қиған лаңкестік оқиғаға алаңдаушылық танытамыз. Бұдан бұрын лаңкестер Ақтөбеде қару-жарақты қолға түсіруге әрекеттенген еді. Олардың әрекеті әлденеше адамның өмірін қиған болатын. Мен аса құрметті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қайғыра көңіл айтамын. Біз қиын жағдайда жатқан Шешен Республикасына шетелдік мемлекет басшыларының арасынан бірінші болып Нұрсұлтан Назарбаев қол ұшын бергенін ұмытқан жоқпыз. Қазақстан президенті салып берген тұрғын үй Шешенстан астанасы орталығының шырайын ашып тұр. Риза болған шешен халқы орталық көшелердің біріне және бір мектепке Нұрсұлтан Назарбаев есімін берді. Қазақтар біз үшін туған ағамыз секілді, ал Қазақстан тұтас бір буын шешен азаматтары үшін екінші Отанға айналған. Бұл елде менің қадірменді әкем, ШР Тұңғыш Президенті, Ресей батыры Ахмат-Қажы Қадыров дүниеге келген. Бұл елде маған жақын адамдар жерленген, оның ішінде менің атамның ағасы да бар», - деп жазды Рамзан Қадыров Instagram-дағы парақшасында.
Шешен Республикасының президенті түрлі терактілерді бастан кешкен шешен халқы мұның қандай үлкен қайғы екенін терең сезінетінін жеткізді. Сөз соңында Рамзан Қадыров бауырлас қазақ халқына лаңкестікпен күресте кез-келген көмекті жасауға әзір екенін айтты. Сондай-ақ, бауырлас Қазақстан еліне бейбітшілік, тұрақтылық және мемлекеттің гүлдене беруін тіледі.
Еске сала кетейік, 18 шілде күні күндізгі сағат 11 шамасында Алматыда полицейлер мен белгісіз адамдар арасында атыс болды. Салдарынан 5 адам қаза тапты.
Осыдан соң, қалалық ІІД Алматы қаласы бойынша антитеррорлық операция жүргізіліп жатқанын хабарлап, қалада террорлық қауіп-қатердің қызыл белгісін енгізді.
Алматыдағы атысқа бұрын адам өліміне қатысты болған 27 жастағы Қызылорда облысының тумасы кінәлі деп айтылуда. Кейін ІІМ Алматыдағы атысқа қатысы бар екінші күдіктінің қолға түскенін растады.
Ал Алматы қаласында террорлық қауіптің қызыл деңгейі алынып тасталды.