ҰҚК төрағасы Алматыда теракт ұйымдастырған сәләфиттер екенін айтып қалды
2016 ж. 18 шілде
2145
3
Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов президентке Алматыдағы атыстың хронологиясын айтып берді.
Оның сөзіне қарағанда, түнде қылмыскер жеңіл жүрісті әйелді атып тастаған. Ал таңертең Алмалы аудандық ішкі істер мен ұлттық қауіпсіздік департаменттеріне шабуыл жасады, деп хабарлайды Baq.kz.
«Бүгін 10 сағат 54 минутта белгісіз қылмыскер Алмалы аудандық ішкі істер департаментіне жақындағанда кезекші одан құжат көрсетуді талап еткен. Ол пистолетті алып шығып, екі рет оқ атты. Күзетші жарақат алды. Сосын ол полицейдің автоматын тартып алып, кезекшілік бөліміне, сондай-ай департаменттің ауласында тұрған адамдарға бірнеше рет оқ жаудырды. Сол кезде төрт полицей жарақаттанды. Бір қарапайым азамат, біздің зейнеткеріміз көз жұмды», - деп атап көрсетті министр.
Оның айтуынша, ішкі істер департаментіне жасаған шабуылдан кейін қылмыскер көшеге атып шығып, көлік тоқтатқан. Жүргізушіні қарумен қорқытып, Байзақов көшесіне түсуге бұйрық берді.
«Жол-жөнекей ол дабыл бойынша келе жатқан патрульдік полиция қызметкерлеріне оқ атқан. Ал ұлттық қауіпсіздік департаментіне келгенде көліктен шығып, тағы бір машинаға оқ жаудырды. Сөйтіп, тағы біздің екі қызметкерімізді жаралады. Осыны пайдаланып, оның жүргізушісі қашып кетті. Қазіргі кезде біз оны таптық», - дейді министр.
Осыдан кейін қылмыскер тағы бір машинаны тоқтатқан. Ол көлікте шекара қызметінің аға сержанты болған.
«Онымен бірге ол Абай көшесіне дейін жетіп алды. Бірақ оған қарсылық көрсеткен сияқты. Үшінші мекен-жайға келгенде постта тұрған полицейлермен атыса бастады. Біреуі қатты жарақаттанып, қайтыс болды. Ал екіншісі қылмыскерді жаралап, қолына кісен салды. Барлық қару-жарақ – пистолет пен автомат тәркіленді», - деді Қалмұханбет Қасымов.
«Түнгі сағат 3:52-де ол әйелді атып тастады. Бізде куәгерлер бар. Ол жеңіл жүрісті әйелдермен ұрысқан. Солардың ішінде Өзбекстан азаматшасы да болды. Қылмыскер сол әйел отырған машинаға жақындап, таксистен жарықты қосуды сұраған. Таксист келіспегеннен кейін пистолеттен оқ атып, көлікті айдап әкеткен. Сол машинаны біз қайтыс болған әйелмен бірге тауып алдық», - дейді Қасымов.
Айта кетейік, кеңес кезінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Владимир Жұмақанов қылмыскердің кім екенін айтып берді. Оның айтуынша, 27 жастағы Руслан Күлікбаев бұған дейін екі рет сотталған. Түрмеде ол сәләфиттермен жақындасып кеткен.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы бүгінгі оқиғада жарақат алған және қаза болғандардың туыс-туғандарына көңіл айтып, құзіретті мемлекеттік органдарға тиісті көмек беруді тапсырды.