Сағынтаев: Содырлар ЭКСПО-2017 кезінде жарылыс жасауы мүмкін
2016 ж. 14 шілде
1817
1
ЭКСПО кезінде террористер Астанада жойқын жарылыстар ұйымдастыруы мүмкін. Кісі шошырлық мәлімдеме жасаған вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың өзі содырлардан сақ болуды ескертті.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Сондықтан Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полицейлер мен арнайы жасақ қазірден қауіпсіздікті күшейтіп, кез-келген жағдайға дайындықты дереу бастап кетті.
Сондай-ақ, келесі жылы халықаралық көрме өтіп жатқанда Елордаға сырттан көлік кіргізілмейді, қару-жарақ сатуға және митингілер өткізуге қатаң тыйым салынбақ.
Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Астананың ішкі тәртібіне жауапты полицейлер, құтқарушылар мен үкімет мүшелері, қала әкімі Әсет Исекешов бастаған шенеуніктер Бас прокуратураға ағылды. Сөйтсе, жат діннің жетегінде кетіп, лаңкестердің қатарына қосылған Сириядағы отандастарымыздан елге үлкен қауіп төніп тұр екен. Содырлар тура «ЭКСПО» кезінде жойқын жарылыс жасауы мүмкін.
"Лаңкестік топтардан төнетін қатерді ұмытпауымыз керек. Ақтөбе мен Қарағанды облысында болған қанды оқиға сабақ болуы тиіс. Оның үстіне біздің азаматтар халықаралық террористік лагерьлерде жаттығып жүр. Санасы уланған олардың жарылыс жасауы әбден ықтимал", - деді премьер министрдің орынбасары Бақытжан Сағынтаев.
Сондықтан, көрме өтетін аумаққа террористер кіріп кетпес үшін шекарадан бастап бақылау күшейтіледі. Қазір өткізу бекеттері, бейнекамералар, тексеру құрылғылары қайта сынақтан өтіп жатыр. Тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитеті көрме нысандарын тұрғызып жатқан құрылысшы, жұмысшы, күзетші, сияқты 32 мың адамды тізімге алып, барлық күш құрылымдарына ортақ ақпараттық база құрмақ.
Одан қалды, ЭКСПО кезінде іс-қимылы, сөйлеген сөзі, ым-ишаратына қарап күдіктіні анықтайтын «профайлер» деп аталатын мамандар жұмыс істейді.
"Мысалы, Сочидегі Олимпиада кезінде митингі мен наразылық акцияларына, қару-жарақ сатуға, сырттан кіретін көлікке уақытша тыйым салынған. Бізге де осындай шектеулер керек. Бұл әлемдік тәжірибе",- деді
Бас прокурор Жақып Асанов.
Яғни, келесі жылы Астана жабық қала болмақ. Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» деген жаңа мобильдік қосымша пайда болады. Оны кез-келген турист ұялы телефонына жүктеп ала алады. Қосымшада халықаралық көрмеге қатысты барлық ақпарат – өтетін уақыты, мекен-жайы және қалалық полиция, медициналық көмектің, таксидің телефоны жазулы тұр. Тіпті қаладағы қай ауданда жиі қылмыс болатыны да көрсетіледі.
"Біз ұсақ бұзақылықпен күресіп қана қоймай, көшеге қоқыс тастау, темекінің тұқылын лақтыру, түкіру сынды тәртіпсіздікпен де түбегейлі күресеміз. Меніңше Астана үшін бұл да өте маңызды мәселе", - дейді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов.
Қазір ЭКСПО-ның құрылысы қызу жүріп жатыр. Алғашқы нысандар алдағы көктемде дайын болады. Үш айға созылатын көрмеге 94 мемлекетті айтпағанда, шетелден 2 миллионнан астам турист келеді деп жоспарлануда. Меймандардың алдында ұятқа қалмасы үшін Үкімет шектеулерді заңмен бекітуге жанталасып жатыр. Оның ішінде ең бастысы 93 күні бойы өтетін «Экспо» уақытында бірде-бір митингіге рұқсат етілмейді.
Осылайша Астана келесі жылы еліміздегі ең қауіпсіз қалаға айналмақ. Бас шаһарға кімнің кіріп-шыққанына дейін қатаң бақылауда болады. «ЭКСПО» көрмесі кезінде әсіресе, астаналық полицейлерге күш түспек. Сақшылар елорданы күні-түні кірпік қақпай күзетуіне тура келеді. Тіпті үкімет қауіпсіздік шараларына отставкадағы офицерлер мен зейнеттегі құтқарушыларды да көмекке шақырмақшы.