АЛМАТЫ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ БАСТАУЫ
2016 ж. 11 шілде
3916
1
Фото © Владимир Третьяков
Алматыдағы «Rixos» қонақ үйінде Алматы қалалық әкімдігі мен «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен бірлесе отырып, «Алматы – өмір сүру мен бизнес үшін қолайлы қала» V Инновациялық форумын өткізді. Жиынға қала әкімі Бауыржан Байбек, отандық және Ресейден, Израильден, Оңтүстік Кореядан, АҚШ-тан, Мексика мен Германиядан, басқа да мемлекеттерден келген халықаралық сарапшылар, стартаперлер, бизнес-қоғамдастық өкілдері, қаржыгерлер қатысты. 3D-инсталляция форматындағы шара «Алматы – болашақтың қаласы» көрмесімен ашылды. Көрме қатысушылары Алматы сынды ірі мегаполистің болашақ даму жоспарымен жіті танысуға мүмкіндік алды. 1,5 миллионнан аса тұрғыны бар Алматы қаласы бүгінде республика бойынша халықтың ең көп мекендейтін аймағы екендігі айтпаса да түсінікті. Ауылдан екі қолға бір күрек таба алмаған ел жұртшылығының басым бөлігі қалаға қарай бет алғанда, Алматыға келіп табан тірейтіні жасырын емес. Сондықтан да қалада халық саны күн санап артатыны да қалыпты жағдай. Ел бойынша қарапайым халықтың өмір сүруіне оңтайлы қалалардың бірі де бірегейі болып табылатын Алматының бизнес үшін қолайлылығын одан әрі арттыру үшін қандай инновациялардың енгізілуі керектігі де форумның өзегіне айналды. Мәні зор осынау халықаралық форумды қала әкімі Бауыржан Байбек ашып, Алматының инновациялық әулетін толықтай аша түсу кезек күттірмейтін мәселелердің бірі екендігін атап көрсетті. «Біздің Президентіміз Н.Ә. Назарбаев 2050 жылы әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуіміз үшін болашаққа нық сеніммен қарап, қарқынды қадам жасауға тиіс екендігімізді қадап тұрып айтты. Бұл ретте индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырып, дамыту қажет. Алматы – еліміздің ірі мегаполисі, біз сондықтан тек қана алға жылжуымыз керек. Болашақтың маңызды стратегиясы – инновациялық әлеуетті дамыту және Алматыны инновация мен технология орталығына айналдыру. Басты міндет- инновациялық экожүйеге жағдай жасау», - деді өз сөзінде Бауыржан Қыдырғалиұлы. Адам – қоғамның басты байлығы екені сөзсіз. Жиын барысында осы мәселеге айрықша тоқталған қала басшысы: «Алматының бүгінгі таңдағы басты жетістігі қаржы мен банктер ғана емес. Бұл - ең алдымен адами капитал. Алматы – болашақтың, жастардың қаласы, өздеріңіз білесіздер, жоғары оқу орындарының үштен бір бөлігі - 42 жоғары оқу орны біздің қалада орналасқан, жастарымыздың басым көпшілігі де бізде. Дарынды , іскер жастар біздің қаламызда қалып қояды. Кейбір мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан жаңашылдарының 84 пайзыдан астамы Алматыда өмір сүріп, жұмыс жасағанды қалайды екен», - деді.Фото © Владимир Третьяков
Сондай-ақ, шара барысында адам капиталын дамыту, тұрғындардың жасампаз тобын инвестициялау, олардың Алматыда тұрақтап қалуы үшін жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу, қалалық көлік жүйесін дамыту, қаладағы көлік тасымалдарын ақпараттандыру мен технологияландыру, қала сәулетін дамыту, қалалық кеңістіктерді жоспарлау, қалалық экожүйені дамыту мәселелері көпшілік талқысына салынды. "ТДҰА" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жұматай Сәлімов жүргізген осы жиында "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаев, "КазКоммерцБанк" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышев, «Gehl Architects» директоры, урбанист Рикардо Марини, Делфт техникалық университетінің антропогендік ортасының зерттеу институтының еңбегі сіңген профессоры, әлеуметтік тұрғын үй тақырыбының сарапшысы, қалалық мобильділік және интермодальды көлік саласының маманы Хьюго Примус баяндама жасап, жоғарыда атап өткен өзекті мәселелерге қатысты өздерінің пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, Бас редакторлар клубының вице-президенті Ләззат Көккөзова, модераторлық еткен баспасөз конференциясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов, "ИТП" ДКҚ Бас директоры Санжар Кеттебеков, "Алматы қаласын дамыту орталығы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әсет Әбдуәлиев, Жаһандық экологиялық қордың "Алматының тұрақты көлігі" жобасының менеджері Елена Ерзакович, Алматы қаласы кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Алмас Мәдиевтердің пікірлері тыңдалды. Сондай-ақ, осы бір ауқымды шара негізінде "Адам капиталы болашақтың жасампаз қалалары", "Қалалық инновациялар: көлік жүйесінің жаңа ғасыры", "Қалалық өркендеу: технологияларды, инновациялар мен сәулетті бірлестіру", "Қалалық экожүйелер: тұрақты қалалар" атты 4 секция бойынша баяндамалар тыңдалды. "START-UP KAZAKHSTAN" инновациялық жобалар байқауының шеңберінде халықаралық және жергілікті сарапшылардың шеберлік сыныптары өткізілді. Атап айтсақ, Альтаир Капитал инвестициялар жөніндегі қорының директоры Дмитрий Фирскин "Венчурлік қорлар стартап жобаларды қалай бағалайды?", Қазақстан Республикасындағы "Сименс" президенті Аудрис Барцявичюс "Индустрия 4.0" тақырыбында шеберлік сабақтарын өткізді. Мәні мен маңызы зор шарада Алматыны одан әрі дамыту үшін 50 үздік жоба іріктеліп алынатындығы тілге тиек етілді. Форум барысында үш жақты меморандумға қол қойылғандығы бұл жиынның берері мол шаралардың бірі екендігін айқындай түссе керек. Меморандум бойынша халықаралық «Uber» технологиялық компаниясы Алматыда өз жұмысын бастамақ. Келешекте қала тұрғындары смартфон түймесін бір рет басу арқылы-ақ, кейбір қажетті қызмет түрлерін тұтынуға мүмкіндік алмақ.Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz