Әкім қоластындағы қызметкерлерінің «свиданиеге» бара алмай қалатынына алаңдаулы
2016 ж. 24 маусым
2238
0
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов отбасын әлі құрып үлгермеген қол астында істейтін мемлекеттік қызметкерлер кездесулерден тыс қалып, бір–бірімен таныса алмай қалады ма деп қорқады.
Бұл туралы ойын шаһар басшысы қол астындағы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтауға арналған шарада айтты деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.
Әкім Әбдірахымов төл мерекеге арналған шараға ерекше көңіл күймен келді. Тіпті өз сөзінде мемлекеттік қызметтің маңыздылығын түсіндірген ол, қол астындағы қызметкерлеріне әзілдей келе астарлап ойын да жеткізді.
Мемлекеттік қызмет – адамдарды басқару емес екенін ұғындырған ол баршаны мерекемен құттықтады. Одан өзге қызметкерлерінің денсаулығына алаңдаған әкім сыйлық ретінде қаладағы үздік деп танылатын үш фитнес орталығында жаттығу жұмыстарын жүргізуге арналған жеңілдікпен берілетін абонементтерді сыйға тартты.
Өз сөзінде Шымкентте қала халқы миллионнан асып кеткенін айтып, бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлер бір-бірін сыйлап, көмек беру керектігін, сонда ғана елге қызмет етушілердің абыройы асқақ болатынын ескертті.
«Барлықтарыңыз спортпен айналысыңыздар. Басшыларға айта кететінім, ләжі болса кешкі жетіден кейін ешкімді ұстамаңыздар жұмыста... Әрбір адамның отбасы болуы керек, жанұясы жоқтар, шаңырақ көтеруі қажет. Егер сағат түнгі он бірге дейін отырса, олар қайтып «свиданиеге» барады? Бір–бірін қалай көреді?», - деген әкім Әбдірахымов кешкі жетіге дейін әрбір мемлекеттік қызметкер өз жұмысын мұқият атқару керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, шаһар басшысы кейбір мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытында түрлі компьютерлік ойындар ойнап, уақыт өткізетінінен хабардар секілді.
Өз сөзін «жүздеріңізден күлкі кетпесін, жұмысқа күліп келіп, күліп кетіңіздер» деп тәмамдаған қала әкімі қызметте еңбегі сіңген қырыққа жуық маманға Алғыс хат табыс етті.
Айта кетейік, бүгінде қалалық әкімдік құзырында бес жүзден астам қызметкер бар.
Дерек көзі: NUR.KZ