Ақтөбе оқиғасы: Жараланған сарбаздардың жағдайы ауыр - дәрігер

02Ақтөбедегі лаңкестерге қарсы күрес операциясы кезінде облыстық жедел жәрдем ауруханасына 18 жаралы түсті. Бүгінгі таңда №6655 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері мен жол-патрульдік полициясы қызметкерінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды Bnews.kz.

Сонымен қатар, бүгін терактіге қатысқан бір қылмыскердің аяғына ота жасалып, сүйегі бекітіледі.

— Қатардағы жауынгер мен жол патрульдік полициясы қызметкерінің жағдайы ауыр. Екеуі де жалпы тағайындалған емді алып жатыр. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Бүгін үшінші тәулікке кетіп бара жатыр. Ал бір қылмыскерге бүгін ота жасалады. Оның аяқ сүйегін бекітеміз. Жалпы ауруханада терактіге қатысқан 3 қылмыскер жатыр. Олардың барлығы қатаң күзетте. Ем алып болған соң, оларды құқық қорғаушылардың қолына тапсырамыз,- дейді облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рақымжан Арыстан.

Қылмыскерлердің біреуі жан сақтау бөлімінде, екеуі травматология бөлімінде жатыр.

«5 маусымнан бері ауруханаға барлығы 18 науқас жеткізілді. Қару-жарақ дүкенінде жараланған 69 жастағы Николай Онищенко ес-түссіз күйінде жеткізіліп, қаза болды. Сонымен қатар, бір лаңкестің де жарақаты ауыр болып, ауруханада көз жұмды»,- деді Рақымжан Арыстан.

Облыстық жедел жәрдем ауруханасы әлі күнге дейін қатаң күзетпен құрсауланған.

 
Дерек көзі: bnews.kz