Мұхтар мырза, анықтаманы О дүниеден барып әкелеміз бе?
2016 ж. 25 мамыр
5148
17
Жер реформасы жөніндегі комиссияның жанынан құрылған Құқықтық, экономикалық және ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан үш атасы қазақ жерінде туылған ел азаматы жерімізді жалға алсын деген ұсыныс айтты, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
- Бүгінгі күн тәртібінде біз екі мәселені қараудамыз. Жерді жалға береміз бе және жерді шетелдіктер жалға ала ма? Өз басым жерді белгілі бір шектеумен, көлеммен және мерзіммен жалға беруіміз керек. Алайда, үш атасы өз елімізде туылған азаматтар ғана жерді жалға алу құқы берілу керек деп ойлаймын, - деді М.Тайжан. Сондай-ақ, жұмыс тобының жетекшісі өз ұсынысында жерді жалға беруге қатысты көптеген пікірлерді атап өтті. - Соның бірі - егер жерді жалға алған азамат 3 жыл ішінде жерді ешбір өңдей алмаса, оның жері мемлекетке қайтарылуы керек. Сол сияқты, жердің құнарлылығын жоғалтып, тоздырған жалға алушылар да жауапкершілікке тартылғаны жөн, - дейді жұмыс тобының жетекшісі.
Үш атасы Қазақстанда туылған азамат жерді жалға алуға мүмкіндігі бар дейді Мұхтар Тайжан. Қазір 2016 жыл. Қазақстандағы ер адамның зейнетке шығу жасы 63. Енді осымен есептейікші, осыдан 190 жыл бұрын, 1826 жылдары қазақ даласына келе бастаған переселендердің балалары қазақ жеріне ие бола алады деген сөз. Ал ежелден Қытайдың Алтай өңірін мекен еткен, байырғы қазақ даласының бір пұшпағын иеленген қытайдан келген қандастарға бәрі бір жерден ештеңе тимейді. Және Монголиядан келген қазақтардың да көрер күні сол болмақшы.
Сонымен қатар, Мұхтар Тайжанның бұл ұсыныс онсызда қағаздан бас көтере алмайтын Қазақстанның коммуналдық шаруашылығы үшін тағы бір қосымша жүк болары сөзсіз. Тіпті жүк болмады дегеннің өзінде 200 жылдың алдындағы тарихты қопарып, мазарлардан, бәлкім о дүниеден барып анықтама әкеліп беру керек болатын шығар. Алыстан келген ағайындар онсызда "қазақ деген анықтама", "сотталмаған деген анықтама" деп бастары қатып жүргенде енді, "Әкеңнің әкесі қайда туылғанын анықтайтын анықтама әкелесің" деу санаға сиымсыз дүние болар еді.
Жер мәселесіне, жердің сатылуына, жалға берілуіне біз де бір адамдай алаңдаулымыз. Дегенмен сасқан үйрек артымен сүңгиді деп, ойға не келсе соны далбасалаудың керегі жоқ қой. Ұсыныс айтқанда да ойланып, қарапайым халықтың жағдайымен санасқан абзал болар.
Ержан Жаубай
qazaquni.kz