Заңгер "Еуразия-1" арнасын сотқа бермекші
2016 ж. 16 мамыр
2167
0
Алматы қаласы Бостандық аудандының сотына қазақстандықтарды отанын сатты деп айыптаған «Еуразия» арнасының қожайыны және «Еуразия+ОРТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үстінен шағым түсті деп хабарлайды Qamshy.kz.
Шағымды аудандық сотқа заңгер Нұрхан Жұмабеков тапсырған. Шағымданушы арнаны жауапқа тартып, өзіне моральдық шығын ретінде телеарна басшылығынан жүз мың теңге өндіріп беруді сұраған.
Сонымен қатар Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтан жер реформасына наразылық білдірген қазақстандық белсенділерді белгісіздер қаржыландырып жатыр делінген деректерді анықтау сұралды деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Мен өз пікірімді айтқым келеді. Мұнда бізде жаңа министр бар, Дәурен Абаев мырза, соңғы күндері көшеге шығып жатқан адамдар батыс агенттері деп таныстырылып жатыр, оларды батыстың агенттері дейді, олар 100-150 доллар алады делінді, мұны кейбір телеарналар айтып жатыр. Меніңше, егер солай таратып жатқан журналистердің дәлелі болса, оны бізге көрсетсін. Ал егер мұндай дәлелдері болмаса, қандай да бір шараларды жүргізу қажет. Меніңше, сіз министр ретінде шара қабылдауыңыз керек, біздің сізге осындай өтінішіміз бар", - деді жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысы кезінде Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжан.
Соған қарағанда, Мұхтар Тайжан "Еуразия" Бірінші арнасының шығарылымдары жайлы айтып отырған болуы мүмкін.
Естеріңізге салсақ, телеарна журналистері 24 сәуір күні Атырауда, 27 сәуірде Семей мен Ақтөбе қалаларында, ал 1 мамырда Қызылордада жер саудасына наразылық білдіріп митингке шыққан халықты шетелдік топтардан 50-150 АҚШ доллары көлемінде қаржы алды деп айыптаған болатын. Телеарна ұжымы бұған дәлел ретінде белгісіз азаматтардың ақша таратып жүрген видеосын да көрсетті.
Дерек көзі: Qamshy.kz