Ерсілігімен елді шулатқан баннерде тілге қатысты заңдылық та сақталмаған...
2016 ж. 29 сәуір
2633
3
“Аталарымыз фашистерді жеңді, біз кризисті жеңеміз!”
Семейде 9 Мамырға арналған әлеуметтік жарнама қала тұрғындары мен ардагерлердің ызасын келтірді. Тұрғындар баннердегі “Аталарымыз фашизмді жеңді, ал біз дағдарысты жеңеміз” деген сөйлемді дөрекі қолданылған деп есептейді, – деп хабарлайды КТК.
Телеарнаның мәліметінше, баннер қала орталығында осыдан екі күн бұрын орнатылған екен. Ол Интернетте де қызу талқыланып жатыр. Бірі мұны надандық десе, енді бірі ардагерлерді мазақ қылу деп топшылаған. Тіпті “экономикалық дағдарысты жеңу үшін кіммен соғысу керек?” деген мысқыл сұрақтар да қойылыпты.
Әсіресе, соғыс ардагерлері сұрапыл жылдарды дағдарыспен салыстырғандарға реніштерін білдіріп отыр. “Мынаны жасаған адам сауатсыз. Ол соғыста болған жоқ. Сондықтан онда төгілген қанды білмейді. Оған әкеп дағдарысты теңеп отыр. Ал бұл экономикалық жағдайда ешкім бір-бірін атпайды ғой. Асыра сілтеп жазбас бұрын ойлану керек”, – деді соғыс ардагері Петр Коломен.
Ал жарнаманы ілген агенттіктің директоры Владислав Приведенныйдың айтуынша, олар баннер арқылы соғыс жылдарындағы ерлікті жұрттың есіне салмақ болған. “Басты мақсатымыз халықтың назарын аудару еді. Ата-әжелеріміздің ерлігін еш нәрсемен салыстыруға келмейтінін осылай жеткізбек болдық. Бірақ оны дұрыс түсінбеді”, – деді ол.
Бір қызығы, неше күннен бері жұрт жұмылып сынаған баннерге қалалық әкімдік тапсырыс та, рұқсат та бермеген. Оның идеясынан бұрын, тілге қатысты заңдылық та сақталмапты. Енді саясат бөліміндегілер “орысша баннерге тілдерді дамыту бөлімі шара қолданады” деп отыр.
Дерек көзі: КТК