Біржан сал ескерткішін бүлдіргендер неге заң алдында жауап бермейді?
2016 ж. 27 сәуір
5082
1
Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының Степняк қаласында Біржан сал ескерткішіне шашылған белгісіз сұйықтық зертханада зерттеліп жатыр. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Еске сала кетсек, жуырда бұқаралық ақпарат құралдарында Еңбекшілдер ауданының Степняк қаласында халқымыздың бір туар ұлы, аса дарынды халық композиторы Біржан сал ескерткішіне белгісіз біреулердің сынап (ртуть) шашып кетті деген ақпарат тараған болатын.
Осыған орай, «ҚазАқпарат» тілшісі облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бірыңғай кезекші диспечерлік қызметі басқармасының басшысы Айвар Бұлқайыровқа хабарласты. Оның айтуынша, ескерткішке белгісіз сұйықтың шашылғаны рас. Бұл туралы сәуірдің 25-і күні Еңбекшілдер аудандық ІІБ қызметкерлері хабарлаған. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің зертхана мамандарының алдын ала мәліметі бойынша шашылған зат сынап болуы мүмкін. Ал, облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша ескерткішке шашылған зат анықталмағандықтан, әзірге ешқандай қылмыстық іс қозғалмай отыр. «Зертханада сараптама жұмыстары толық аяқталып, мамандардың қорытындысы шығарылған соң ғана қандай да бір шара қолданатын боламыз», - деді ІІД баспасөз қызметінен.Дерек көзі: ҚазАқпарат