Моңғолияның Қазақстандағы мәдени өкілдері тағайындалды
2016 ж. 18 сәуір
3143
0
Ұлы дала мәдениетін қалыптастырған ұлттардың арасында табиғатымен де, ұлттық болмысымен де бір біріне өте жақын, өте ұқсас келетін ұлттар - қазақ пен моңғол. Көшпенділік дәстүрді, түркілік тек пен рухани дүниені бүгінге дейін сақтап келе жатқан екі ұлттың бауырластығы тарихи сабақтастықтың көрінісі. Осыны ескере отырып Моңғолия Сыртқы істер министрі Лүнденгийн Пүрэвсүрэннің қаулысымен Түркі академиясы халықаралық ұйымының ғылыми қызметкері Ақеділ Тойшанұлы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық құрама командалары дирекциясы Директорының орынбасары Болат Хабылахат Моңғолияның Қазақстандағы мәдени-спорттық өкілдері болып тағайындалды.
Осыған орай Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Сүхээ Жагир аталған азаматтарға министрліктің куәлігін ресми түрде табыс етті. Салтанатты шараға Халықаралық Түркі Академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Моңғолия елшілігінің қызметкерлері мен қазақстандық баспасөз өкілдері қатысты.
Елші мырзаның айтуына сәйкес, бұл тағайындаулар Моңғолия мен Қазақстан арасындағы мәдени, тарихи, спорттық байланыстың нығая түсуіне ерекше ықпал етпек.
Сүхээ Жагир:
«Бауырлас, рухтас, тарихи тамыры ортақ екі елдің мәдениеті, әдебиеті, өнері, тіпті әлеуметтік тұрмысы да бірігіп, біте қайнасып кеткені жасырын емес. Арыдағы ата-баба тарихын айтпағанда бүгінгі екі мемлекет арасындағы достастық қарым-қатынас саяси болсын мәдени болсын көшпелілік рухта сабақтасып жатқаны ақиқат. Осыған орай Моңғолия Республикасы Сыртқы істер министрі Лүнденгийн Пүрэвсүрэн мырза Қазақстан Республикасындағы мәдени өкіл ретінда қос азаматқа ерекше сенім артып отыр. Бұл екі елдің мәдени өмірінде, тарихи қадамдарында айрықша орын алатын оқиға».
Әсіресе ерекше атап өтері өкілдерге берілген сенім куәліктері Моңғолиядағы түркі мұрасын, ежелгі көшпенділердің тарихы мен фольклорын зерттеу, сондай-ақ археологиялық бағытта жүргізіп келген ғылыми жобаларын ескере отырып, келешекте одан әрі қолдау мақсатында берілген. Сонымен қатар екі еларасындағы спорттық, денешынықтыру саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұсынылғаны айтылды. Өз кезегінде Мәдениет өкілдері екі ел арасындағы ғылым, мәдениет пен руханият салаларындағы байланыстарды тереңдете түсуге атсалысатын болады.
Аталмыш шара барысында арнайы қонақ ретінде қатысқан Акедемия басшысы Дархан Қыдырәлі Моңғолия тарапына алғыс білдіріп, бұл халықаралық ұйымға жүктелген зор сенім екенін білдірді:
Дархан Қыдырәлі:
"Бұған дейін де Моңғолиямен ара-қатынасымыз айтарлықтай жақсы еді. Бұдан кейін де мынадай сенімнен кейін және Құрметті Елші, сіздің атсалысуыңызбен Моңғолия ғылым акедеимясымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз деген сенімдеміз. Және аталмыш куәлік бұрыннан да екі елдің тарихи-мәдени өміріне араласып жүрген ғалымдарымызға, зерттеушілерімізге үлкен міндет жүктегендей болды."
Өкілдер өз кезегінде екі мемлекет арасындағы байланыстың нығая түсуіне және мәдени-тарихи әрі спорттық қарым-қатынастың дамуына қызмет атқаратындықтарын мәлемдеді.
Ержан Жаубай
qazaquni.kz