Студент тек отандық өнім сататын дүкен ашты
2016 ж. 26 наурыз
2391
2
Алматылық студент Астана қаласынан Қазақстанда жасалған өнімдерді ғана сататын дүкен ашты. 21 жастағы Рахима Ғазизова "Жас Өркен" басылымына берген сұхбатында кәсібі жөнінде толығырақ айтып берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті кәсіпкерлікпен 2 жыл бұрын айналыса бастаған екен. Алғашында ол құрбысымен бірге ағылшын тілін үйрететін орталық ашыпты. Кейін Астанаға қыдырып барған қыз елордада қазақстандық өнімдер сататын дүкеннің жоқ екенін байқайды. "Жазғы демалыста ата-анама Астанаға барған болатынмын. Ол жақта IT жобамен, мемлекеттік басқарумен, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарумен айналысатын адамдармен сөйлестім. Сонда біздің ішкі саудамыздың ахуалы мəз емес екенін аңғардым. "Өзіміздің экономикамызды көтеру үшін не істеуге болады?" деген ой келді. Елімізде тек отандық азық-түліктерді сататын дүкеннің жоқ екені белгілі. Көп ойланбай, осы істі қолға алуға тəуекел еттім", - дейді студент.
Рахима өзі ашқан дүкеннен азық-түліктің кез келген түрін табуға болатынын айтып отыр. "Дүкенде ет, сүт, ұн өнімдерінің барлығы бар. Балық, жүгері, бұршақ консервілері де өзімізден шығады. Шашқа арналған сусабын, бальзам, жуынатын гель, сабындар бар. Барлығы да сапалы, əдемі қапталған. Иістері де сантүрлі", - деді ол.
Студенттің айтуынша, қазір дүкенде 14 адам жұмыс істеп жатыр. Ақпан айында ашылған дүкеннің саудасы күннен-күнге ұлғайып келеді екен.
Айта кетейік, Рахима Ғазизова қазір ҚазҰУ-да "Шетел филологиясы" мамандығы бойынша тәлім алып жатыр. Жуырда ол Лондон университетіне (University College London) менеджмент саласы бойынша магистратураға грант ұтып алды. Сонымен қатар, Рахима əлемдегі үздік бес оқу орнына кіретін Мадридтің бизнес университетіне емтихан тапсыру үстінде. Ол осу оқу орнына түсу арманы екенін айтты.
Дерек көзі: "Жас Өркен"