Қазақстандық жаңа банкнот үздік деп танылды
2016 ж. 18 наурыз
4017
3
Халықаралық өңірлік банкноттар байқауында 20 мың теңгелік қазақстандық банкнот дизайн және қорғау технологиясы бойынша үздік деп танылды.
Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Марапаттау рәсімі үстіміздегі жылы 15 наурызда Румынияның астанасы Бухарест қаласында Жоғарықорғанды мөр бойынша Еуропалық Конференция (High Security Printing Europe) барысында өткізілген.
«Үздік банкнот» жүлдесі дизайн саласындағы үздік жетістік, банкнот немесе банкноттар сериясының қорғаныс деңгейінің жоғары технологиялық сипаттылығы үшін беріледі. Сондай-ақ, ақша белгісінің сол елге тиістілігіне, яғни елдің мәдени мұрасына, бейнелемесіне ерекше көңіл бөлінеді.
20 мың теңгелік банкноттың бет жағында негізгі бейнелер «Қазақ Елi» монументі, пырақ және Мәңгілік ел салтанатты аркасы бейнеленген. Қазақстанның тәуелсіздігін бейнелейтін «Қазақ Елі» тарихи-мемориалдық кешені Астана қаласының он жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды. Стела биіктігі - 91 метр - Қазақстанның тәуелсіздік алған 1991 жылды білдіреді. Ескерткіштің мәрмәр тұғыры Қазақстан халқының таза ой-ниеті мен этникааралық үйлесімін паш етеді. Ал төбесінде Самұрық құс бар стеланың өзі Қазақстан халқының болашаққа, одан әрі даму мен гүлденуге деген ұмтылысын көрсетеді. Банкноттың жоғары сол жағында пырақ бейнеленген, ол түркітілдес және көшпенді халықтарды қоса алғанда көптеген мәдениетте таза нұр мен өмірдің, шабыт пен жемісті еңбектің, мақсатқа ұмтылушылық пен биліктің нышаны ретінде қабылданады. Банкноттың төменгі жағында ортада Мәңгілік ел салтанатты аркасы - еркін елдің мәңгілік идеясы, жалпыға ортақ Қазақстан үйінің ұлттық идеясы сәулет құрылысы тұрғысынан бейнеленген. Сырт жағында банкноттың ортасындағы негізгі бейне Қазақстан картасының пішіні және елордамыз - Астана қаласының Қазақстан Республикасының Конституциясында негізі қаланған билік тармақтарын бөлу қағидатын көрсететін тәртіппен орналасқан Ақорда, Парламент және Үкімет ғимараттары бар көрінісі бейнеленген. Жаңа банкнот Қазақстан теңгесінің ең қорғалған ақша белгісі, сондай-ақ әлемдегі ең қорғалған банкноттардың бірі болып табылады.
Қорғау үшін қолдан жасаудан қорғау индустриясындағы соңғы инновациялар, жалған ақша жасаушыларға қарсы іс-қимылдың жаңартылған әрі күшейтілген классикалық тәсілдері пайдаланылды. Бет жағындағы негізгі қорғаныш элементтер: банкноттың екі жағынан жарыққа тосып қарағанда көрінетін самұрық мифтік құсы түріндегі композиттік жетілдірілген сутамғы белгісі және мөлдір орын түріндегі құс пішіні. Дизайнының түпнұсқалылығын тексеруді жеңілдететін түс ауыстыру элементтері пырақ, мөлдір орында көрінетін қазақтың ою-өрнегі және түс ауыстыратын қорғаныш үзік-үзік жіп түрінде орналасқан. Көзі нашар көретін адамдар үшін банкноттың оң жағында шетінде саусақпен ажыратуға болатын жеті жоғары бедерлі үш бұрыш басылған.
Дерек көзі: ҚазАқпарат