Қасымханның қос кітабы
2010 ж. 14 желтоқсан
1596
1
Жақында ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан Жастар Одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, ақын Қасымхан Бегмановтың зерттеуші ғұлама ғалым Жағда Бабылықұлымен сыр-сұхбаттан тұратын халқымыздың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына арналған «Этнографпен әңгіме» және «Салты мықтының – халқы мықты» атты қос кітабының тұсаукесері өтті.
Республикалық «Дәстүр» баспасынан шыққан «Этнографпен әңгіме» кітабында көрнекті этнограф, зерттеуші ғұлама ғалым Жағда Бабалықұлының өміріне қатысты және халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы, мәдениеті, көне сөздері, ұлттық киімі, тағамы, төрт түлік малы, ырымдары мен тыйымдары, жорамалдары, саятшылық дәстүрі, қазақ күнтізбесі, түс жоруы, жыл қайыруы, жеті ата жолы, жеті қазынасы, қазақ өлшемдері және т.б. деректер жан-жақты қамтылған.
«Салты мықтының – халқы мықты» атты «Өлке» баспасынан шыққан кітаптың екінші басылымында автор осы сыр-сұхбатты бірнеше бөлімдер мен тарауларға бөліп, оқырманға барынша ықшамдап ұсынған. Тілі жеңіл, мазмұны бай, деректері мол кітап халқымыздың дәстүрлерін, ата-салтын насихаттайды.
Тұсакесерге қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінен Т.Кәкішев, Ә. Дәулетханұлы, Қ.Жұмаділов, Р.Ниязбек, Б.Ахметова, А.Османова, З.Асабаев, У.Қыдырханұлы, Ж.Бөдеш, Б.Жақып, М.Тәтімов және т.б. елімізге белгілі азаматтар қатысып, жаңа кітап жайлы өз ойларын айтты. Сонымен қатар еліміздің эстрада жұлдыздары да қатысып, халық әндерін нақышына келтіріп орындады.