Сайлауалды үгіт-насихат шаралары басталды
2016 ж. 21 ақпан
5079
41
20 ақпанда партиялық тізімдер бойынша сайланатын ҚР парламенті мәжілісінің депутаттарын сайлауда сайлауалды үгіт басталды деп хабарлайды 24 арна.
Ортсайлаукомда болған брифинг барысында ҚР ОСК мүшесі Л.Ж.Сүлеймен атап өткендей, осы сәттен бастап партиялық тізімдер ұсынған саяси партиялардың мақсаттары мен міндеттерін насихаттайтын, жаңалықтар және талдау бағдарламаларынан өзге, бар ақпарат партиялардың сайлау қорынан төленуі тиіс.
Жаңалықтар және талдау бағдарламаларын дайындауда партиялар мен кандидаттардың қызметін тең үлесте жариялау жөніндегі талап сақталуы тиіс. Сайлау туралы заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бірлестіктер қаржыландыруды қажет етпейтін сайлауалды үгіт жүргізуге құқылы.
Сайлауға қатысушы саяси партияларға шарттық негiзде баспасөз бетiнен орын немесе эфир уақытын беруге Орталық сайлау комиссиясының партиялық тізімді тіркегені туралы шешімінің көшірмесі және өкілетті адам қол қойған БАҚ басшысың атына жазбаша өтініш негіз болады.
Шарттың талаптары белгiлi бiр партияға артықшылық туғызбауға тиiс, ал саяси партияның бірiне эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге берген келiсімi басқа да партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге келiсiм беруі болып табылады. Кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiне iле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады.
Үгіттік, оның ішінде интернет желісінде таратылатын материалдардың авторлығын айқындау мүмкіндігі жоқ жағдайда, олар анонимді болып саналады. Анонимдік материалдарды тарату үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген.
«Сайлау туралы заңнама қазір интернет мәселелерін толығымен реттемейтінін бәрі біледі. Мұндай жағдайда сайлау процесіне тартылғандардың барлығының бірыңғай түсінігі мен сындарлы тәсілдемесі болуы маңызды. Сондықтан Ортсайлауком электораттық процестің барлық субъектілерімен (партиялармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, Бас прокуратурамен, ақпарат саласындағы өкілетті органмен) үгіт науқаны заңнаманы бұзушылықтарсыз өтуі үшін, икемді және жедел жауап қату мүмкіндіктерін қарастырады» - деп атап өтті Л. Сүлеймен брифинг соңында.