Биыл киік тағы қырыла ма?
2016 ж. 02 ақпан
4063
15
Түз тағысын баудай түсірген беймәлім дерт қайта бас көтеруі әбден ықтимал. Биылғы бюджетте бұл жағдайдың алдын алатын арнайы бағдарлама қарастырылмаған, өйткені басы артық қаржы жоқ. Бұл туралы телеарналарға Білім және ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Абылай Сансызбай мәлімдеді.
Қызыл кітапқа енген киіктерді құтқару бойынша жауапты министрліктер арасында атқарылар іс-шаралар мүлдем пысықталмаған, тіпті, бұл жауапты жұмыстан олар бастарын ала қашуда. – Киіктерді қорғау – негізінен ауыл шаруашылығының жұмысы. Біз ғылыми жағынан жауап береміз. 15-16 институт бірігіп, жұмыс істеп жатырмыз. Ендігі мәселе, осы саланы қаржыландыруда оған 1,5 миллиард теңге керек, - дейді ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Абылай Сансызбай. Ғылыми зерттеу институты ақбөкендерді құтқарудың жол картасын Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша әзірлеген. Алайда оны іске асыруға құзырлы орындар құлықсыз. Қайрат Өстеміров, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары: – Бұл жұмыстарды ғылым комитеті басқаруы тиіс. Олар залалсыздандыру керек деген жерді біз залалсыздандырамыз. Жаппай қырылудың бір себебі кене болса, оны немен улау керек екенін ғалымдар айтуы тиіс. Олардың шешімінсіз өз бетімізбен шара қолдана алмаймыз. Ұлы даланы жайлаған киіктердің өсіп-өнуіне кесірін тигізіп отырған тағы бір мәселе бар. Ол браконьерлерді қатаң жазаға тартатын заң талаптарының жұмсақтығы. Топ болып ұсталған браконьерлердің біреуі ғана жеңіл жаза алып, қалғаны куәгер ретінде өтеді дейді «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» РМҚК бас директоры Ерзат Әлзақов. Оған қоса 2015 жылы Қылмыстық кодекстің браконьерлерді жазалау нормаларынан ұсталған қаскүнемдердің жеке мүлкін тәркілеу бабы алынып тасталыпты. «Біз ұстаған машиналар соттан кейін қайтып өздерінің қожайындарына қайтарылып беріледі. Оларды бір-екі аптадан кейін қайтадан далада ұстаймыз» дейді табиғат қорғаушы. Еске салайық, Қазақстандағы жарты миллионға жуық түз тағысының тең жартысы соңғы жылдары қырылып бітті. Ал, қазіргі мына «Сен салар да мен саларға» қарасақ киік үшін күйінген құзырлы орындарды көріп отырған жоқпыз. Қазақта «Қойшы көп болса қой арам өледі» деген жақсы мәтел бар. Бұл маңызды шараға жауап беретін мекемелердің бір-біріне сілтеуі жақсылыққа апармасы айдан анық. Сондықтан көп «қойшының» ішінен бір «аға шопан» тағайындап, қолына таяқ ұстату аса қажет. Өйтпесек киелі киіктерден көз жазып қалатын түріміз бар. Қысқасы, шұғыл шара қажет, көктем болса қыр астында тұр...
Гүлмира Садық
qazaquni.kz, "Қазақ үні" газеті