ҮЛКЕННЕН – ҮЛГІ, ЖАСТАРДАН –ЖІГЕР
2016 ж. 02 ақпан
2681
1
Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы сайлау конференциясын өткізді. Конференцияның күн тәртібіне сәйкес «Ақ жол» партиясының ҚР Парламент Мәжілісінің 5-ші шақырылымдағы атқарған жұмысына баға беру және 20-наурызда өтетін Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну қаралды.
Конференцияда филиал төрағасы Анарбек Орман баяндама жасап, онда «Ақ жол» партиясының Парламент Мәжілісінің 5-ші шақырылымда елеулі еңбек атқарғанын атап өтіп, қол жеткізген кейбір жетістіктерге тоқталды. «ҚР Парламенті Мәжілісінің қазіргі, яғни 5-ші шақырылымы үлкен жұмыстар атқарды, әсіресе, бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатында Парламент қабырғасында өте маңызды заңдар қабылданғанын айтып өткім келеді. Оның ішінде біздің «Ақ жол» партиясының елеулі үлесі бары анық. Әсіресе, шағын және орта бизнесті қолдау саласында еңбегі өте зор. Кәсіпкерлік Кодексіне орта бизнеске қатысты өзгерістер енгізу қанша қиындықтар мен кедергілерге кездесті, бірақ соңында орта бизнес өкілдерін қорғайтындай заң актісіне қол жеткіздік. Осы Кәсіпкерлік Кодекстің жобасы бойынша жұмыс тобын «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашевтің өзі басқарғанын, оның ерен еңбегін айта кеткеніміз жөн болады. Сол сияқты Инвестицияға қатысты заңнамаларды қазіргі заман талабына сәйкестендіруде, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша, шенеуніктер жемқорлығы мен бизнестегі заңбұзушылықтарды бөліп қарау мәселесінде, жалған кәсіпкерлік мәселелері бойынша, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша жетістіктерге қол жеткіздік. Ендігі мақсат – осы заңдарды дұрыс қолданып, Елбасымыз көрсетіп берген реформалардың жүзеге асуын қамтамасыз ету. Ол үшін болашаққа жаңа көзқараспен қарайтын тың күштер қажет. Президент Жарлығымен белгіленетін ендігі сайлау ел үмітін ақтайды деп есептеймін. Қазіргі жағдайда мемлекеттің алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру үшін мұндай қадам тың серпін береді. Себебі бұл мұраттарды орындау жаңа бастамалар мен идеяларды қажет етеді. Оның үстіне шешім саяси элитаның жаңаруына жағдай тудырады. Сондықтан, депутаттыққа уақыт сынына төтеп бере алатын, білімі мен тәжірибесі жеткілікті, халық мойындаған, көпшіліктің ойында жүрген азаматтар сайланғаны жөн. Солай болатынына Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз Үндеуінде үлкен сенім білдіріп отыр, біз оны ақтауға бар күшімізді жұмсаймыз деп сенемін» – деді Анарбек Орман. «Қазіргі дағдарыстан шығу жолы – өзімізді өзіміз отандық өндіріспен толық қамтамасыз ету. Шағын және орта бизнес өкілдері нағыз еңбекқор халық, ал халық байлығы – мемлекет байлығы, халқы кедей ел ешуақытта байымайды. Сондықтан да шағын және орта бизнесті байыту өте маңызды. Бізде әлі де болса осы өкілдерге қажетті деңгейде жағдай жасалмай отыр. Ендігі депутаттар да осы істі арықарай жалғастырып, жақсы жетістіктерге жетуі керек» - деп қорытындылады баяндамасын. Конференция делегаттары ендігі сайлауда жалынды, жігерлі жастарға көбірек сенім артып, жол ашу керектігін ескертіп, сонымен қатар көпті көрген, тәжірибесі мол, сабырлы да салиқалы саясатты ұстанатын ел ағаларының депутаттыққа ұсынылғанын жөн көретіндіктерін білдірді.
«Ақ жол» ҚДП ОҚОФqazaquni.kz, "Қазақ үні" газеті