Бауыры бауырын бөліп берді
2016 ж. 29 қаңтар
2503
0
Елімізде ағза донорлары жоқтың қасы. Осының салдарынан талай адам жазылмас сырқатқа ұшырап, кей науқастар көз жұмып жататыны шындық. Бұндай жағдайға көбінде біздің ұлттық болмысымыз жол бермей жатады. Дегенмен мұндай тығырықтан шығудың жолы әр кездеде бар. Соның бір айғағы іспетті ақтөбелік 38 жастағы әпкесіне 25 жастағы інісі бауырының жартысын берген. Күрделі операцияны жасауға Оңтүстік Кореядан профессор Вонг Ли мен республикалық трансплантология орталығынан профессор Жақсылық Досқалиев шақырылды.
Операцияның өту барысын медицина университетінің студенттері арнайы қондырылған экраннан бақылады. Осы арқылы болашақ хирург-мамандарға шеберлік сағаты ұйымдастырылды десе де болатындай. Мұндай күрделі операция облыста бұрын жасалмаған. Сондықтан дәрігерлер мұқият дайындалды.
“Операцияны басынан бастап қарап отырмыз. Білікті дәрігерлер жасалу әдістерін түсіндіріп, біздің сауалдарымызға жауап беріп отырды. Ертеңгі күні дәл осындай операцияны біз де жасаймыз. Сондықтан бұл өте маңызды әрі жауапты іс. Бұдан былай науқастар ем-дом іздеп, шетел аспай, елімізде емделе алады”, – дейді хируг-интерн Қайрат Сұлташев.
"Операция үстелінде 38 жастағы әйел адам жатыр. 10 жыл бұрын бауыр циррозы диагнозы қойылып, сырқаты әбден асқынып кеткен. Оны аман алып қалудың бір жолы бауырын ауыстыру болды," – дейді дәрігерлер.
Сосын жедел түрде донор іздестіріле бастаған. Көп туыстарының бауыры сәйкес келмеген. 25 жастағы туған інісі ғана ағза донорлығына жараған.
“Бүкіл әлемге әйгілі профессор Вонг Лиді шақырып, шеберлік сағатын өткізіп отырмыз. Бауыр ауыстыру операциясын орындап жатырмыз. 38 жастағы әйелге інісі келісіп, бауырының бір бөлігін берді. Алдағы уақытта да осы транспланталогиялық орталықты Ақтөбеде дамыту үшін маңызды жұмыстар жасап жатырмыз”, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Операция жасаған дәрігерлер сырқаттың өміріне қауіп сейілгенше ешқандай ақпарат бере алмайды. Сырқат операциядан кейін дәрігерлік бақылауда болады. Жалпы өткен жылы облыс дәрігерлері 7 бүйрек ауыстыру операциясы жасалды.
qazaquni.kz