Жетісайлық науқастың ішінен бір метр мата шықты
2016 ж. 28 қаңтар
4059
3
Қазақстанның оңтүстігіндегі Жетісай қаласында адам сеңгісіз оқиға болды. Үш күн бойы ауырған науқасқа ішіне ақыры ота жасаған дәрігерлер ені 70 сантиметр болатын, ал ұзындығы 1 метрден асатын кәдімгі ақ матаны тауып алған. Мұндай жағдайды бірінші рет көрген ақ халаттылардың өзі аң-таң қалып отыр.
44 жастағы жетісайлық науқас Ұлбибі Жораеваға осыдан төрт-бес ай бұрын облыс орталығында ақ халаттылар ота жасайды. Үйіне шыққан ол бірнеше ай бойы өз-өзіне келе алмай, дәрінің күшімен ғана жүргенін айтады. Жергілікті дәрігерлер тігілген жараға түрлі ем-дом жасағанымен, іштегі түйін бүріп, ауыруын тоқтатпайды. Ақырғы оншақты күнде қатты қиналған әйел, қозғалуға да шамасы келмей, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
ҰЛБИБІ ЖОРАЕВА, (суретте) Жетісай қаласының тұрғыны:
- Ақырында алды ғой, матаны. Кәдімгідей, екі метр. Онкологияның матасы. Оны мойындамау мүмкін емес. Әйтпесе, екі күн кешіксеңіз, ішегіңіз жарылып, сіз өліп кетер едіңіз деп айтып жатыр.
Ауданда қабылдаған емінен шипа болмаған соң, науқас бірінші мәрте ота жасаған облыстық онкологиялық аурухананың мамандарына барып, денсаулығына шағым айтқан. Сөзінше, ондағылар «отадан кейінгі болатын жәйт, сіздің артық салмағыңыздан, тігісі жазылғанша осылай ауыра береді» дегенді айтқан көрінеді. Ал, Мақтарал аудандық аурухана хирургтері консилиум жасағаннан кейін, Жораеваның ішегін зерттеуге кіріседі. Ақыры, іштегі түйілген затты аңғарып, ішегінен сыртқа бір метр матаны алып шығарған. Жан дауысы шыққан науқастан алынған әрі бір ұшы түйілген үлкен матаны көрген мамандар өз көздеріне өздері сенбепті.
ДӘУЛЕТ ЕСҚАРАЕВ, Мақтарал аудандық орталық ауруханасының хирург-дәрігері:
- Тексерген уақытта бөгде зат анықталды. Жоғарғы перевязочныйға алып келіп, сонда алдық. Бөгде зат ол простыня.
Іштен шыққан затты төрт ай бұрын ота жасау барысында қалды деп есептейтін Ұлбибі Жораева оқиғадан кейін, құзырлы орындарға шағым түсірген. Қазір медицина және фармацевтикалық бақылау мекемесі мен ішкі істер органдары тексеруді бастап кетті. Тоқ ішектен алынған бір метр матаға қатысты кінәлілерді тергеу анықтайтын болады.
Дерек көз: 31 арна