«Шығыстың бас құрылысшысы»
2010 ж. 19 қазан
1578
0
Көктемгі су тасқыны кезінде Шығыс Қазақстанның бірнеше елдімекенін су басқаны белгілі. Әрине, халыққа оңай тиген жоқ, үйінен, мал-мүлкінен айырылды. Ең бастысы, жұрттың басы аман, бауыры бүтін. Үкімет тасқыннан зардап шеккен ағайынды далада қалдырған жоқ. Соның арқасында баспанасынан айрылған қауым жаңа жайға ие болып жатыр. Жақында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Аягөз бен Зайсан аудандарында болып, бірнеше тұрғынға жаңа үйдің кілтін тапсырды.
Облыс басшысы әуелі Аягөз ауданының Ақтоғай ауылына келіп, 8 тұрғынға жалпы аумағы 760 шаршы метрді құрайтын пәтерлердің кілттерін табыстап, әр үйге бір тоңазытқыш пен бір теледидардан тарту етті.
– Сіздер биыл талай қиыншылықтарды бастан кештіңіздер. Алайда Елбасының қолдауымен Үкімет сіздерді назардан тыс қалдырмай, жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіп жатыр. Оған міне, өздеріңіз де куә болып тұрсыздар, – деді Б.Сапарбаев.
Зайсан ауданындағы Тасбастау ауылында да Бердібек Сапарбаев бірнеше тұрғынға жаңа баспананың кілтін тапсырды. Тоңазытқыш пен теледидар тарту етуді де естен шығарған жоқ.
–Біз кезінде мемлекет тарапынан шығынның бәрі қалпына келтірілетінін айтқан болатынбыз. Кішкентай ғана Тасбастау ауылында 34 отбасы жаңа пәтерге ие болды, – деген облыс басшысы тасқыннан кейінгі үш айдың ішінде облыста 515 үй, 4 аурухана, үш мектеп, 60 шақырымға жуық жол, 12 көпірдің салынғанын айтты.
Айпақшы, осы ауылда өткен салтанатты жиында облыстық мәслихат депутаты, «Зайсанқұрылыс» компаниясының бастығы Б.Нұрасыл Бердібек Сапарбаевқа алғыс айтып, «Шығыстың бас құрылысшысы» деп марапаттап, әкімге символикалық кілтті салтанатты түрде табыс етті.
Азамат Әбілұлы