Тәжіктер Skype арқылы үйлене бастады
2015 ж. 26 шілде
4673
0
Тәжік жастары отбасылық шаруаны тындырғанда жаңа технологияны, әсіресе Skype желісін жиі пайдалана бастаған сыңайлы.
Неке қию рәсімінде жас келін Шахноза Идрисова (сол жақта) енесінің қолынан суға толы ақ тостаған алып тұр.
Тәжікстан астанасында тұратын 27 жастағы экономист Шахноза Идрисова өзінің үйлену тойындағы суретін мақтанышпен көрсетеді. Онда ақ көйлек киген жас келін енесінің қолынан суға толы ақ тостағанды алып жатыр. Бірақ, суретте күйеу жігіттің бейнесі жоқ.
ОНЛАЙН НЕКЕ
Бұл сурет жас жұбайлар интернеттегі видео-чат арқылы неке қиған соң іле-шала түсірілген. Тәжікстанды әлемдегі жаңа технологиясы дамыған елдердің қатарына қосу қиын болар, бірақ Шахноза Идрисова мен басқа да жас тәжіктер отбасылық мәселеге келгенде жаңа технологияның бар мүмкіндігін пайдаланып қалуға тырысады. Бұл елде SMS хабарлама арқылы ажырасу да кең тарағаны соншалық, елдегі ислам дінбасылары ондай ажырасуға тыйым салатын пәтуа шығаруға мәжбүр болған.
Енді тәжік қоғамында діни салт-дәстүрге қатысы бар тағы бір жаңа құбылыс – Skype арқылы неке қию пайда болды. Идрисованың неке қию рәсімі оның Душанбедегі үйінде өтті, оған қалыңдық пен күйеу бала жақтың ата-аналары мен куәгерлері қатысты. Жергілікті молда ислам дәстүрі бойынша неке қиды. Ал күйеу жігіт бұл салтанатты шараға ноутбук экраны арқылы «қатысты».
– Бұл кәдімгі үйлену тойы болды: мен қалыңдық көйлегін кидім, меймандар қатысты, түрлі ас әзірледік. Жалғыз ғана айырмасы – Парвиз сол кезде Тунисте болды, - дейді Шахноза Идрисова маусымда өткен той жайында.
Жас жұбайлар бір айдан соң Шахноза Идрисова жұбайының жанына Туниске көшіп барғанда ғана бір-бірінің қолына жүзік салған. Парвиз сол жерде 5 жыл аудармашы болып қызмет етуге келісімшартқа отырған.
– Парвиз еңбек шартын жасасып, осы жылдың басында жедел шетелге кетті. Біз он жылдан бері таныспыз. Әкем некеге отырмай оның қасына бармайсың деп шарт қойды. Ол оралғанша 5 жыл күткім келмеді, сондықтан Skype арқылы неке қидыруды ұйғардық, - дейді Шахноза.
ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯНЫ ҚОЛДАНУ
Халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын Тәжікстан консервативтік елге жатады. Мұндағы әлеумет азаматтық некені құптамайды. Сонымен бірге, бұл елден арзан жұмыс күші жыл сайын Ресей мен Қазақстан және басқа шетелдерге еңбек етіп, табыс табуға аттанады. Ресейлік ресми деректер бойынша, елде кемінде 1,2 миллион тәжік жұмыс істейді екен. Тәжікстан халқының саны – 8,5 миллион.
Skype арқылы некелесу адамдары барынша діни дәстүрді сақтайтын ауылды жерде де кездесіп тұрады. Душанбенің батысындағы Турсунзаде кентінің тұрғыны Аламби Муродованың 29 жастағы ұлы Канадада тұрып жатыр. Жақында ол Skype арқылы үйленді.
Әйелдің айтуынша, ұлы Сайдехсон ресейлік «Одноклассники» әлеуметтік желісі арқылы өз ауылдасы, 24 жастағы Сайорамен танысқан. Екі жас екі жыл бойы интернет арқылы хабарласып тұрған. Содан кейін Турсунзадеде шағын той болды, Тәжікстан мен Канада арасындағы 10 мың километр қашықтыққа қарамастан неке қию рәсімі өтті.
– Кез келген ата-ана тәрізді мен де ұлымның үйлену тойын өткізгенді армандаған едім, бірақ, қаржы және визаға қатысты себептерге байланысты ол елге келе алмады, - дейді Муродова.
БЮРОКРАТИЯЛЫҚ КЕДЕРГІЛЕР
Жас жұбайлар отбасылық өмірді бір-бірінен бөлек бастады, Сайора Турсунзодаде қайын жұртымен бірге тұрады, ал оның ері әлі Солтүстік Америкада жүр. Екі жастың ерлі-зайыпты ретінде бірге Канадада тұрсақ деген жоспары бар. Муродованың айтуынша, Сайдехсон әйеліне виза алуға тырысып жатыр. Бірақ ол отбасылық виза болмайды, себебі Skype арқылы үйленуді ресми неке деп танымайды.
Тәжікстанның зайырлы үкіметі ислам діни дәстүрімен қиылған некені де мойындамайды. Некені заңды деп тану үшін күйеу мен қалыңдық АХАЖ бөлімінде тіркелуге тиіс.
Сондықтан тәжіктер жас жұбайлар әуелі ресми тіркеуге тұрған соң молдаға неке қиғызады. Кейбір тәжік молдалары діни тұрғыда Skype арқылы некелесудің күмәнді екенін ескертеді. Бірақ көптеген тәжіктер Skype арқылы неке қиюды қалдырған жөн деп санайды.
– Күйеу жігіт пен қалыңдық бір-бірімен тіл табысса – бастысы сол, олардың қалай кездесіп, қалай үйленгені маңызды емес. Интернет арқылы кездесіп, үйленіп, бақытты тұрмыс құрып жатқан ерлі-зайыпты тәжіктер жетерлік. Skype арқылы үйлену де кейін қалыпты құбылысқа айналады, - дейді Душанбедегі «Отбасы және неке» орталығының жетекшісі Мархабо Жунунова.
Сонымен бірге, Мархабо Жунунова интернет арқылы шетелдіктермен танысып, үйлену «адам саудасы құрбаны болу» қатерін де арттырады, әсіресе «сауаты аз жас қыздар үшін қауіпті» деп ескертеді.
Skype арқылы үйленген тәжіктер жайлы ресми деректер жоқ, бірақ Азаттықтың Тәжік қызметі видео-чат арқылы некелескен 5 ерлі-зайыптымен сөйлесті. Олардың бәрі 20-дан асқан, бірақ әлі 30-ға толмаған жастар.
Фарангиз Наджибулла мен Ганжинай Ганждың мақаласы ағылшыннан аударылды.
Динара ӘЛІМЖАН
azattyq.org