Әбіқаев лаңкестік ұйымды «Ислам мемлекеті» деп атауға қарсы шықты
2015 ж. 29 маусым
2086
0
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев бұқаралық ақпарат құралдарында ДАИШ-ті «Ислам мемлекеті» деп атауға қарсы.
Бұл туралы ол Астанадағы Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференцияда мәлім етті.
«ДАИШ – өзін «Ислам мемлекеті» деп атап жүрген лаңкестік ұйым. Шын мәнінде олар түрлі елдердің ондаған мың өкілдерін қамти отырып, діни экстремистік интернационалға айналып отыр. Атап айтқанда, саясаткерлер мен журналистердің ДАИШ-ке қатысты «Ислам мемлекеті» ұғымын кеңінен пайдалануды дұрыс емес деп санаймыз», – деді ҰҚК төрағасы.
Осы орайда ол «мемлекет» деген терминді пайдалану қате екенін қадап айтты.
«Біз өзіміздегі арнайы қызметте ДАИШ аббревиатурасын пайдаланамыз. Олар өздерін қалай атағанымен, «мемлекет» деген терминнің орнына, аталған аббревиатураны қолданған дұрыс болар еді. Бүгінде ДАИШ халифатты құруды белсенді алға жылжытуда. Бұлар Солтүстік Африкадан Қытайға дейінгі кеңістікті қамтуды көздеп отырған сыңайлы. Ұйымның жақтастары Ауғанстанда пайда болуда. Бұл өз кезегінде бізді алаңдатпай қоймайды», – деді Әбіқаев.
Дереккөз: ИА "Казинформ"