ҚЫРЫЛҒАН КИІКТЕР САНЫ РЕСМИ АҚПАРАТТАҒЫДАН ӘЛДЕ ҚАЙДА КӨП...
2015 ж. 23 маусым
5453
2
Қостанай облысының Амангелді және Жангелдин ауданындағы жағдайлар туралы біраз ақпарат берілді деп ойлаймыз. Десек те, Жангелдин ауданында болғандағы ең негізгі айтатын мәселе, еліміздегі барлық қырылған киіктердің саны ресми жарияланғандай 134 000-нан әлде қайда көп екені анық болды.
Себебі, «Шындық экспедициясы» Жангелдин ауданының бірнеше елді мекендерін аралап, халықпен кездесу барысында далада тағы 5000 киіктің өлгені туралы ақпарат алды. Тіпті ел ішінде ол 5000 киік соңғы бірнеше күн ішінде қырылды деген ақпар берді.
Сонымен бірге Амангелді мен Жангелдин ауданының басшылары дереу жергілікті халықты жинап, қырылған киіктердің өліктерін шұғыл көміп жатыр деген де ақпарат түсті бізге. Аудан әкімінің аппарат басшысы "аудан әкімі мен оның орынбасарлары сол киік көму жұмысында жүр" деді.
Бұл жағдайды өз көзімізбен көріп, нақты көз жеткізу үшін, екінші жағынан аудан басшыларымен «оқиға ортасында» кездесіп, сұхбат алып, мән-жайды түсіну үшін жолға шықтық. Дала жолдарының нашарлығы соншалық, асты биік, жүрдек авто көліктің өзі жете алмай, көлік ауыстыруға тура келді.
Түнгі он екілер шамасында киік көмуге кеткен адамдар кері қайта бастады. Ауыр жүк машиналары мен тракторлар, шағын автокөліктерді тоқтатып, мән-жайды сұрағанымызда 5000 киіктің түгелдей көміліп біткенін, барған барлық адамдардың кері қайтқанын естідік. Ал сол жігіттер «әкім мен оның орынбасарлары 8 машинамен артта келе жатыр» деді. Алайда әкімнің «кортежін» кездестіре алмадық. Не де болса деп алға тарта бердік.
Қанша қиындық болса да, жергілікті халықтың көмегімен, нәтижесінде киіктер қырылған аймаққа да жеттік түнделетіп. Түнімен ашық далада қонып, таң ата жан-жағымызға қарап, бір-екі қырды асқанда, әр жерде шашылып жатқан киіктердің өлекселеріне тап келдік.
Екі жалдың ортасындағы жазық ойпаңда шамамен әрбір 25-30 метр жерде, кей жерде одан да жиірек, киіктердің өлігі шашылып жатыр, негізінен аналық бас. Біз 30-40 минуттай аралап, 42 киіктің өлігін фотоға түсірдік. Одан әрі аралап, санап шығу мүмкін болмады. Киіктердің өлігіне қарап, олардың кемінде бірнеше апта бұрын өлгендерін байқадық. Халықтың айтқан 5000 киіктің соңғы екі-үш күнде қырылғаны туралы мәлімет расталмады.
Сонымен, 5000 киік көмілген соң осынша өліктің жатқанына қарап, қырылған киіктердің саны бүгінге дейін жарияланған саннан әлде қайда көп екеніне көз жеткіздік. Сайын далада әлі көмілмей, көрінбей жатқан киік өліктері он мыңдап жатуы мүмкін-ау деген ойға келдік.
Аудандағы бірнеше елді мекендер мен шаруа қожалықтарын аралау барысында мал шығынының да өткен жылдан әлде қайда көп екенін білдік.
Алайда аудан әкімдігінен ресми ақпарат алу мүмкін болмады. Жергілікті әкімдер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет пен биліктің халыққа есеп беріп отыруы және ақпараттардың халыққа қол жетімді болуын қамтамасыз ету туралы тапсырмаларын әлі ести қоймаған сияқты. Әрине жер шалғай, «бәріне ауа-райы кінәлі...»
Мақсат Ілиясұлы,
«Антигептил» қозғалысының,
«Шындық экспедициясының» мүшесі.
qazaquni.kz