Ермегияевтің бар мүлкі бұғатталды

Астана қаласы Алмалы ауданының №2 сотының шешімімен «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК АҚ-ның бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияевтің мүлкі тұтқынға алынды.

preview-image

Астана қаласы сотының ресми сайтында жарияланған ақпаратта «Талғат Ермегияевтің «Са-Бек» ЖШС-інің (үлесі — 30 пайыз); «ТКМ» ЖШС-інің (30 пайыз); «Глобус Алматы» ЖШС-інің (50 пайыз); «ХОЗУ-Транс» ЖШС-інің (100 пайыз); «Рахат-АВТО» ЖШС-інің (18 пайыз); «Глобус Астана» ЖШС-інің (50 пайыз) жарғылық капиталындағы үлестері тұтқынға алынғаны» жазылған.

Астана соты Талғат Ермегияевке қылмыстық кодекстің 176-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету), 4-тармағы («б» — оларды аса iрi мөлшерде жасау) бойынша тағылған айыптар дәлелденген жағдайда, оның аталған дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін екенін хабарлайды.

Қылмыстық кодекстің 176-бабы 4-тармағында күдіктінің айыбы дәлелденген жағдайда «мүлкi тәркiленiп және белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айырылып, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп көрсетілген.

Талғат Ермегияев 12 маусым күні Астана қаласының Алмалы ауданы № 2 сотының қаулысымен үй қамаққа алынған. Назарбаев 2014 жылдың шілдесінде Талғат Ермегияевтың да жұмысын сынаған болатын. «EXPO-2017» кешені құрылысын жалғастыруға 2015 жылы ұлттық қордан бұған дейін жұмсалған 25 миллиард теңгеге қосымша 40 миллиард теңге бөлінген.

Источник: Азаттық