Ақтөбе облысының әкімі өткен жылы 19 млн теңгеге жуық табыс тапқан
2015 ж. 16 маусым
2070
1
Бұл туралы Эврика басылымына сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Ақтөбе облысындағы шенеуніктердің ағынан жарылып, жылдық табысын жария етуіне «Өзіңнен баста» антикоррупциялық акциясы себеп болған.
Акцияның мақсаты – шенділердің жалақысын жария ету арқылы, халықтың басшылар мен мемлекеттік қызметкерлерге деген сенімін күшейту.
Акция барысында ең көп табыс тиісінше облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке тиесілі екені анықталды. Облыс әкімі өткен жылы 18.871.416 теңге алғанын жариялады.
Ал облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Ескендірбек Маханов былтыр 2.337.560 теңге тапқанын, ал әйелінің өткен жылғы табысы өзінікінен жарты миллионға көп екенін айтқан.
Облыстың бас сәулетшісі Нұрлан Боранбаевтың екі пәтері мен екі автокөлігі бар.
Индустриалды-инновациялы даму басқармасының жетекшісі Марат Балмұханов, мәдениет басқармасының басшысы Нәзира Табылдинова, табиғатты қорғау басқармасының жетекшісі Нұржан Аққұл, жерді қорғау және пайдалану жөніндегі бас бақылаушы Нұрлан Наурызбаев, дін істері жөніндегі басқарма басшысы Бауыржан Есмахандарда не пәтер, не транспорт жоқтығы анықталды.
Есесіне, көптеген аудан әкімдерінің облыс орталығында ғана емес, Астанада да пәтері бары белгілі болды.
Алға ауданының әкімі Асқар Шериязданов, Ырғыз ауданының әкімі Мейірхан Дуанбеков, Хромтау ауданының әкімі Аязбай Османғалиев, Қобда ауданының әкімі Асқар Жүсібәлиев, Әйтеке би ауданының әкімі Аманғали Бердалин және Байғанин ауданының әкімі Мамырғали Аққағазовтардың облыс орталығында баспанасы бар. Аққағазовтың жарының атында Алға қаласындағы саяжай бары да жария етілді.
Қалалық әкімшілікке бағынатын бірнеше селоның әкімдерінде жеңіл көліктер мен «Газель», жүк көлігі мен трактор бар.
Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Роза Кемалова мен Ғали Есқалиевтер өздерінің айлығын жариялаудан бас тартқан.
Источник: Nur.kz