Н.Назарбаев: "МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗЕГІ - ОНЫҢ БІРЕГЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ"
2015 ж. 24 сәуір
9928
4
ЕЛ ТАҒДЫРЫ МЕМЛЕКЕТҚҰРУШЫ ҰЛТ РЕТІНДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ҒАНА ҚОЛЫНДА БОЛАДЫ!
2015 жылдың 23 сәуірі керемет күн болды деп толық айтуға болады! Мен үшін ғана емес... Ел үшін!
«Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы барысында ҚР Президенті, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев: "ЕЛ ТАҒДЫРЫ МЕМЛЕКЕТҚҰРУШЫ ҰЛТ РЕТІНДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ҒАНА ҚОЛЫНДА БОЛАДЫ! МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗЕГІ - ОНЫҢ БІРЕГЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ!"- деп мәлімдеді.
“Біздің халқымыздың саны күннен күнге көбейіп келе жатыр. Тиісінше, жалпықазақстандық бірлік дегеніміз бос сөз емес. Ең алдымен, болашақ үшін қазақтың өзінің бірлігі керек. Мен мұны ылғи айтып жүрмін. Елдің тағдыры мен болашағы мемлекетқұрушы ұлт ретінде қазақтың қолында ғана болады. Халықты ұлы істерге ұйыстырудағы басты жауапкершілік те қазақтарға жүктеледі. Осыны әрдайым есте ұстайық, ағайын”, – деді Елбасы.«Кез келген мемлекеттің өзегі - оның бірегей мемлекеттік тілі. Бүгін мен қазақ тілін меңгеріп, оқып жүргендерге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Өз балаларын Отанының мемлекеттік тілінде оқытып, қазақ тілін білуі үшін балабақшаларға беріп жатқан ата-аналарға да алғысым шексіз. Бұл біздің бірегей азаматтығымызды білдіреді. Қазақ тілінің дамуы тарихта осындай ауқымды қарқынмен жүргізілген емес», - деді мемлекет басшысы.
“Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды немесе басқа уақытты қойса да болады. Барлық ұлтты қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді”, – деді Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІІ сессиясында. - “Ол күн барша қазақстандықтың бір-біріне мейрімділік, достық және махаббат білдіруінің жарқын мерекесіне айналар еді”
Сөйтіп, ғаламторда ниеттестерім ақ тілегін ақтарған менің туған күніме ең үлкен сыйлық - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында қазақ халқы мен мемлекеттік тілі туралы сөйлеген сөзі болды! Елу үшке келгенде естіген Ел мен Тіл туралы Елбасының ерекше сөзі - ел патриоттарының бәріне де зор сыйлық болды деп ойлаймын... Ұлтын, яғни мемлекетін, елін сүйгені мен күйгені үшін жазықты болып жүретін жалпы ұлтшылдардың жалы бір көтеріліп қалды!..
Енді тек бұл игі бетбұрыстың істегі нәтижесін көру - бәрімізге байланысты!
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz