Мұхтар Құл-Мұхамед Президент сайлауына қатыса ма?

sailau

Қазақстандық сарапшылар Президенттің бұрынғы кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхамеддтің қызметінен босатылуына байланысты өздерінің жорамалдарын айтуда деп хабарлайды  Qamshy.kz порталы NewTimes.kz-ке сілтеме жасай отырып.

Аптаның сейсенбісінде белгілі болғандай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кеңесшісі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхамедті қызметінен босату туралы үкім шығарған еді. Президент кеңесшісі лауазымына екі мәрте шақырту алған Мұхтар Абрарұлының қызметінен кетуін әркім әртүрлі жорамалдауда. Тіпті,  Ақорда Мұхтар Құл-Мұхамедті алдағы өтетін сайлауда ресми үміткер ретінде ұсынуы мүмкін дегендері де жоқ емес.

Сонымен, Мұхтар Абрарұлы не үшін қызметінен босатылды? Оның ел саясатындағы ендігі рөлі қандай болмақ? Биылғы сайлауда Мұхтар Абрарұлы өз кандидатурасын ұсына ма? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

title739938951Қуандық Шамахай, халықаралық журналист:

- Иә, әлеуметтік желілерде Мұхтар Құл-Мұхамедтің қызметінен босатылуына қатысты түрлі пікірлер жүр. Біреулер оны алдағы сайлауда Президенттіке үміткер ретінде шығады дейді. Әй, қайдам. Мүкін бе? Әлде, тағы бір ойын ба? Оның қазір анық-қанығы белгісіз. Сондықтан, бірдеңе деп жорамал айту мүмкін емес қой. Қазір шенеуніктердің не үшін қызметінен босап жатқанын босатқан кісі мен  өздері ғана білмесе, басқа ешкім дөп басып айта алмайды. Сосын неше түрлі жел сөз қаңбақша ұшып жүреді. Мұның бәрі айналып келгенде жәй ғана жорамал ғана. Мұхтар - Президент командасындағы адам ғой, көптеген жауапты қызметтер атқарды. Ғылыми дәрежесінің өзі доктор дегендей. Егер министр етіп тағайындайтын болса, білім және ғылым  саласы да оған жат емес. Тіпті, ұлттық университеттердің біріне ректор етіп қойса да, ұршықша иіріп әкетер еді. Бұл менің жеке пікірім ғана. Ол - танымал әрі білікті тұлға. Қызметсіз қалмайтыны анық. Әрине, түрлі пәле-жаладан аман болсын.

title936526218Аманхан Әлім, ақын, "Ақиқат" журналының бас редакторы:

- Қазір, ол кісінің қызметтен босатылуын саяси тұрғыдан бұрмалап әкетіп жатқандар жоқ емес. Бұл тек жорамалдар ғана. Шын мәнінде не үшін босатылды, енді қай жерге жіберіледі дегенді кесіп-пішіп айта алмаймын. Айту маған жат. Ал азамат ретінде мен Мұхтарды өте сауатты, білімді ұлтын сүйетін, сол жолда шын күейтін тұлға деп білемін.Сондай-ақ, Мұхтарды нағыз интилигент, зиялы деп айтуға болады. Ол өз ойларын еркін, ірікпей айта алады. Екшеп айтар болсам, қазақ қоғамының  қоғамдық-саяси, мәдени-әдеби, әлеуметтік-тұрмыстық өміріне бей-жай қарамайтын азамат. Бір ғана мысал, Мұхтардың "мәдени мұраларды жаңғыртуда" атқарған ісі үлкен азаматтық деп білеміз. Ал жеке басына келгенде, оның қызметіне қатысты дақпыр әңгімелерге сене бермеймін.

title591632406Жәнібек Сүлеев, публицист:

- Бір үлкен жазушының айтатыны бар емес пе, "өмірде не қаласаң бәрі бар" деп. Сол секілді ғой бұл жердеде. Мұхтар Абрарұлы аты белгілі әрі салмақты кандидат болар еді. Сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібімен келсе - өз беделін жоғалтпайтыны рас. Бірақ, Президенттің кеңесшісі қызметін атқарған ол - бірден оның бәсекелесіне айналуы қисынсыздау.

Ал сайлауға өздерін-өздері ұсынғандарға келсем, енді адамдар өздерін көрсетіп қалғысы келді, пиар керек дегендей.  Бұл сайлау барысында олар өздеріне-өздері пиар жасау үшін жүрген болуы да мүмкін.

title204278449Әміржан Қосанов, саясаткер:

- Жалпы мен біздегі кадр мәселесіне болжау жасау жайындағы сауалдарға жауап бермеуге тырысамын. Өйткені, бізде бәрі де мүмкін! Бірақ сұрақ қойған екенсіздер, жауап беріп көрейін. Мұхтар біраз уақыт бойына тікелей басшылық ететін белсенді қызметтерден тыс жүріп, көлеңкеде қалғаны рас. Оны өз басым қазіргі Ақорданың іші мен маңайындағы топаралық талас-тартыстың салдары деп білемін. Бізде бүгін төрде отырған шенеунік ертең түрмеден бір-ақ шығады емес пе? Президентке үміткер болуы мүмкін деушілерде бар. Ондай адамның кандидатурасын тек қана бүгінгі Президенттің өзі анықтап, сайқымазақ шоуға айналып бара жатқан сайлауға соны серпін беру мақсатында жұмсауы мүмкін. Бірақ сайлау жарияланған күні Президенттің кеңесшісі болып отырған адам аяқ-астынан «сайлау іссапарына» аттандырылып жатса, ондай сайлауға кім сенеді? Біреулер оны «президенттің сайлау штабының жетекшісі» болады деп жатыр. Ол да мүмкін. Өйткені, идеологияны меңгерген, сол салада көп жыл еңбек еткен, қазақша еркін сөйлейтін азамат. Бірақ ол жағдайда Президент әкімшілігінің қазіргі басшысы не істейді деген сауал тағы да туатыны рас.

Нұрзат Тоғжан

"Қамшы" сілтейді