Н.Назарбаев Президент сайлауына қатысу туралы шешімін кейін қабылдайды
2015 ж. 26 ақпан
3557
30
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Құрметті қазақстандықтар!
Ел ішінде биыл кезектен тыс Президент сайлауын өткізу мәселесі қызу талқылануда. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі көтерген бастамаға қоғам өкілдері жан-жақты пікір білдіруде. Парламент депутаттары мен саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, еңбек ұжымдары өз пікірлерін айтты. Маған күн сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген хаттар келуде. Барша жұрт кезектен тыс Президент сайлауын өткізу бастамасына қызу қолдау білдіруде.
Құрметті қазақстандықтар!
Кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы бірауыздан қолдау білдірді. Ол 6 саяси партияның, 18 республикалық қоғамдық бірлестіктің, 500 өңірлік үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіреді. Аталған мәселе бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі бастамашылық жасады.
Бұл күндері менің атыма кәсіпорындардың еңбек ұжымдарынан, ардагерлерден, студенттерден, жасы және кәсібі әртүрлі адамдардан көптеген хаттар мен жеделхаттар түсіп жатыр. Мұның өзі біздің азаматтарымыздың өсе түскен саяси белсенділігі мен олардың ел тағдырына шынайы қамқорлығын білдіреді. Барлықтарыңызға осы үшін зор рахмет.
Біздің азаматтарымыз үшін бүгін не нәрсе аса маңызды?
Біріншіден, маған арналған барлық үндеулерде ешқандай ішкі кикілжіңдер мен сыртқы жанжалдар біздің елімізге кесірін тигізбесін деген бүкілхалықтық алаңдаушылық байқалады. Адамдар бұл үшін тұрақтылық пен қоғамымыздың бірлігін нығайту қажет екенін түсінеді.
Екіншіден, әлемдік экономикалық дағдарыс белең ала түскен кезеңде халыққа ертеңгі күніне деген сенімділік керек. Бұл, ең алдымен, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдердің, жалақының, стипендиялардың тұрақтылығы.
Үшіншіден, жаһандық геосаяси қарама-қайшылықтар ушыға түскен жағдайда, біздің азаматтарымызды ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі алаңдатады. Сондықтан қазақстандықтар теңдестірілген ішкі және сыртқы саясаттың әрі қарай жалғастырылғанын қалайды.
Бұлар оңай мәселелер емес. Оларды шешу барлық азаматтар мен барлық деңгейдегі атқарушы биліктен дағдарыстан шығу жөніндегі белгіленген бағдарламаларды орындау үшін күш біріктіруді талап етеді. Осылайша, барлығымыздың алдымызда аса ауыр жұмыс тұр.
Маған Қарағандыдан Нина Алексеевна Мисоченко былай деп жазады:
«Күн сайын балаларымның амандығы үшін, жеріміздегі бейбітшілік пен тыныштық үшін мінәжат етемін. Күн сайын Құдайдың алдында біздің үйлерімізге ешқашан ешқандай алауыздық пен ешқандай соғыс қатер төндірмесін, біз қашанда бейбіт және бақытты өмір сүрейік деп жалбарынамын. Қазақстанда барлық адамдар татулық пен бір-біріне сеніммен өмір сүріп жатса, бұл Сіздің ерен еңбегіңіздің арқасы. Қазақстандықтар бірге еңбек етіп, бір-біріне қолұштарын береді, балалары мен немерелерін алаңсыз оқытып, өсіріп жатыр. Әрқашан және мәңгілік осылай бола берсін!».
Рахмет, Нина Алексеевна! Бұл тек менің ғана емес, біздің бүкіл халқымыздың еңбегі. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың бойында бейбітшілік пен келісім - басты жалпыхалықтық игілігіміз деген даналық ұғым мықтап орнықты. Және оны әр күн сайынғы еңбекпен қорғау және нығайту қажет. Бүгінгі біздің қазақстандық мінез бітіміміз осындай! Бірлік пен Тұрақтылық - бұл біздің жауапты таңдауымыз! Бұл біздің Отанымыздың табысты дамуының басты формуласы.
Қымбатты отандастар!
Өткен 23 жыл - біз үшін ғасырға бергісіз жылдар. Кезең-кезеңімен жүргізілген тұрақты саясаттың арқасында біз бүгінгі белеске көтерілдік. Қазақ қазақ болғалы қазіргідей төрт құбыласы түгел, қуатты елге айналып көрген емес. Біз бүгін қариясы қамсыз, азаматы алаңсыз, ұрпағы уайымсыз елдердің қатарына ұмтылдық. Біз үшін көк аспанымыз ашық, көк байрағымыз асқақ болғаннан артық мәртебе жоқ.
Жер бетінде саны қанша миллион болса да туын тігер ұлтарақтай жерді, ұрпағына мирас етер елді арман еткен ұлттар қаншама! Елі болғанмен бағдары жоқ, бағдары болғанмен берекесі жоқ халықтар да көз алдымызда. Қазақстан даму көшіне ілескен елдерден суырылып шығып, көш тізгінін ұстаған елдердің санатына бет алды. Бірақ, біз өткенді ешқашан ұмытпауға тиіспіз.
Қазақ - тарихи жады мықты, соңына қарап тәубесін айтқан, жолына қарап тәуекел еткен халық. Әсіресе, осы күндері маған жүздеген хаттар келіп түсуде. Солтүстік Қазақстан облысының жасы тоқсаннан асқан тұрғыны Байқуаныш Сәрсембин ақсақал былай деп жазыпты:
«Өткен ғасырдағы түрлі тарихи оқиғалардың бәрі менің көз алдымда өтті. Бірде құлдырап, бірде өрлеген қилы замандарды көрдік. Бірақ, дәл қазіргідей Алтын Ғасыр халқымыздың басында ешқашан болған емес. Елінің шекарасын бекітіп, барлық елдермен достық қатынас орнатып, барша адамзат тағдырын шешуге араласып отырған қазақ баласы ешқашан болмаған», - дейді Байқуаныш қария.
Мен жеткен абырой, мәртебе - барша Қазақстанның мерейі. Әрбір хат иесінің бүгінгі Қазақстанды мақтан етіп, марқаятынын көремін.
Біз өресі биік, рухы берік, отаншыл елміз. Біз үшін туған елдің бір уыс топырағынан қасиетті жер жоқ, бір түп жусанынан жұпар иіс жоқ. Елдің бірлігін нығайтып, Отанымызды көркейтуге бағытталған кез келген ұсыныс мен үшін құнды. Қоғамда талқыланып жатқан кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жайын мен осы тұрғыдан сараладым.
Құрметті отандастар!
Бұрынғы Президент сайлауынан бері 4 жыл өтті. Бұл Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашқан күрделі уақыт еді. Біз 2011 жылғы сайлауалды науқаны барысында менің тарапымнан айтылған барлық мақсаттарға қол жеткіздік. Біз әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына ену жөніндегіұзақ мерзімді 2050 Стратегиясын жүзеге асырудамыз. Бүгінде мен жаһандық экономикалық және геосаяси тәуекелдерді есепке ала отырып айқындап берген мемлекеттік бағдарламаларда дамудың барлық стратегиялық мәселелері белгіленген.
Дағдарыс пен біздің экспорттық тауарларымызға бағаның күрт төмендеуінен бізге бюджет саясатын жедел оңтайландыруға тура келді. Дағдарысқа қарсы шаралар кешені жүзеге асырылуда. Біз жаһандық дамудың ауыртпалықтарын абыроймен еңсеретінімізге сенімдімін. Бізде бұл үшін барлық жағдай - іс-қимылдың нақты жоспарлары, халықтың бірлігі мен қажетті ресурстар бар.
Енді сайлау туралы айтайын. Бүгін мен Парламент Сенаты мен Мәжілісі басшылығымен, Премьер-Министрмен және республика Конституциялық Кеңесінің Төрағасымен консультациялар өткіздім. Оның алдында Сенат Төрағасының сауалы бойынша Конституциялық Кеңес кезектен тыс Президент сайлауын өткізу бойынша жан-жақты түсініктеме берді. Президент және Парламент сайлауларын өткізудің күнтізбелік мерзімі 2016 жылға дөп келіп, іс жүзінде қосақталып тұр. Конституция бұған жол бермейді.
Менің Мемлекет басшысы лауазымындағы конституциялық өкілеттілігімнің мерзімі 2016 жылы аяқталады. Осыған байланысты екі ұсыныс айтылуда. Бірінші - ел Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу. Екінші - Мемлекет басшысының өкілеттілігін ұзарту туралы референдум өткізу. Екі ұсынысты да жүзеге асыруға болады.
Көңілге қонымдысы, Конституция талаптарына жауап беретіні сайлау өткізу болып табылады. Сондықтан халықтың мүддесіне орай, оның өтінішін, жалпыға ортақ ерік-жігерін есепке ала отырып, Негізгі Заңды бұлжытпай сақтау үшін мен Конституцияның 41-бабының 3.1 тармағына сәйкес шешім қабылдап, 2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс Президент сайлауын белгілеу туралы Жарлыққа қол қойдым. Қазақстан үшін сайлау қашанда қоғамдағы бірлік пен келісімнің жоғары тетігі болды. Қазір де және әрқашанда солай болатынына сенімдімін!
Сайлау - аса маңызды конституциялық және патриоттық акт. Оны заңнамаға қатаң сәйкес, ашық және адал, отандық және халықаралық байқаушыларды кеңінен қатыстыра отырып өткізу қажет. Алдағы сайлауға өзімнің қатысатыныма орай шешімді мен кейінірек, еліміздің Конституциясы мен заңдарына толық сәйкес қабылдайтын боламын.
Қымбатты қазақстандықтар!
Қайта қаһарына мінген әлемдік дағдарыс жағдайында бірлік бізге бұрынғысынан бетер құнды. Мемлекеттің тыныштығы мен елдің бірлігін сақтап, дамыту Президенті бастап, елі қостаған кезде ғана баянды болмақ. Жауапкершілік бүкіл халыққа да жүктеледі. Осыны ұмытпайық. Алдағы биік белестер мен асқар асулар үшін біз барлық кедергілерді бағындырып, алға басуға тиіспіз.
Құзырлы органдар Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасы еліміздің Конституциясына және Сайлау туралы Заңға сай деген қорытынды шығарды. Мен сайлауға қатысты «иә» мен «жоқты» мұқият ой таразысына салдым. Сөйтіп, «кезектен тыс Президент сайлауын өткізген жөн» деген пайымға келдім. Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне сенемін. Қазақстандықтарды ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, белсене қатысуға шақырамын.
Баршаңызға бірлік пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!