Бүгін Вена сотында Рахат Әлиевті бопсалаған екі тұтқынға қатысты сот басталды.
"Процес бүгін басталды. Алайда, ол (Әлиев) қайтыс болған соң, сот барысына қатыспайтыны түсінікті", - деді соттың баспасөз хатшысы Кристина Зальцборн.
Сондай-ақ, ол екі тұтқынның бопсалауға байланысты айыпталып жатқанын айтты.
"Олар Әлиев түрмеге келгенде одан өздеріне ақша аударуын бұйырып, егер болмаған жағдайда түрмеде көптеген қиыншылыққа кездесетінін айтқаны үшін айыпталуда. Алайда, бопсалаушылар бұрын Әлиевтің кім екенін, оның не үшін сотталғанын білмедік деп отыр", - деді Зальцборн.
Сонымен қатар, Рахат Әлиевтің медициналық көмекке мұқтаж болғаны да айтылуда. Себебі, оны түрменің медициналық көмек көрсететін бөлігінен тапқан. Бұл жерде дәрігерлер үнемі кезекшілік етеді екен.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев Австрия түрмесінде өлі күйінде табылды.
Ол бүгінге дейін Қазақстан азаматтығынан бас тартпағаны және оны түрмедегілердің бопсалағаны туралы хабарланды.