"Самұрық-Қазына" топ-менеджерлері ресейлік әріптестеріне қарағанда екі есе аз алады
2015 ж. 20 ақпан
2032
2
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев компаниядағы шетелдік мамандарға қандай жалақы төленетіндігін айтты, деп хабарлайды Bnews.kz.
"Біз 2012 жылдан бастап қызметкерлерге кететін шығынды қысқартып келеміз. Әкімшілік-басқару бөліміндегі 2 мыңнан астам жұмыс орны қысқартылды. Ал компанияда трансформация жүргізіп, халықаралық стандарттарды енгізу үшін бізге халықаралық тәжірибе мен білім керек. Сондықтан, біз рекрутингтік компаниялар арқылы әлем бойынша мықты деген бірнеше маманды жұмысқа алдық. Олар бұрын IBM, GE, Филип Моррис компанияларында жұмыс істеген", - деген Шөкеев олардың жалақысы сөзсіз бәсекеге қабілетті болатынын жеткізді.
"Оларға төлейтін жалақы бәсекеге қабілетті болу керек. Біз төлейтін жалақы бірқатар шет елдермен, тіпті Ресеймен салыстырғанда, төмен. Сондықтан, біз халықаралық рекрутингтік компаниялардың ұсынысы бойынша оларға екі бөлікте жалақы төлейміз. Яғни, олардың жұмысының нәтижесіне және жалпы тиісті жалақыны төлейміз. Бұл жерде тиісті жалақы 20 пайыз, жұмыс нәтижесіне қарайтын жалақы 80 пайыз болады. Бұл АҚШ-тағы тәжірибе. Ал Еуропада "50 де 50". Сондықтан, біздегі шетелдік мамандар компанияға табыс әкелсе ғана тиісті жалақасын алады. Оларға жайдан-жай ақша шығындап жатқан жоқпыз", - деп түсіндірді Шөкеев.