Копенгагендегі шабуылдарды даниялық жасаған
2015 ж. 16 ақпан
1403
0
Полицияның дерегі бойынша, Копенгагендегі атысқа күдікті Данияда туып-өскен 22 жастағы жігіт. Оның аты-жөні айтылған жоқ.
Құқық қорғау орындарының мәлімдеуіне қарағанда, күдікті бұған дейін бірнеше рет заңсыз қару сақтау және күш қолдану сияқты ұсақ қылмыстар жасап полиция назарына ілінген. Күдікті ақпанның 15-інде таңертең полициямен атыста оққа ұшқан.
Ақпанның 14-інде Копенгагенде сөз бостандығына қатысты жиынға қатысушыларға және синагога маңында жасалған екі шабуыл салдарынан екі адам - даниялық режиссер мен синагогаға келушілердің бірі қаза тауып, бес полицей жараланған.
Дания барлау қызметінің басшысы Йенс Мэдсеннің мәлімдеуінше, тергеушілер қылмысты жасаған адам радикалды исламшыл болуы мүмкін деп жорамалдайды. Жергілікті ақпарат құралдары Копенгагендегі интернет кафелердің бірі тексеріліп, нәтижесінде екі адам ұсталғанын хабарлады.