Еліміздегі "халал" моншалар мен "халал" қонақ үйлер жойылады
2014 ж. 04 желтоқсан
3013
1
Еліміздегі "халал" қонақ үй, "халал" монша, "халал" емханалар мүлдем жойылмақ. Заты емес, атауы. Соңғы жылдары нарықта брендке айналған "халал" сөзінің қолданыс аясы тарылады.
Бұл туралы Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы мәлім етті деп хабарлайды 31 арна.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен өткен Ғұламалар кеңесінің жиынында діни мәселелер талқыға түсіп, ел арасында талас тудырып жүрген жайттарға пәтуалар шығарылды. Ғұламалар кеңесі алғаш талқыға салған мәселе - жаназа шығару.
Әр аймақ қалыптасқан дәстүрге сай, өз білгендерінше, о дүниелік болған адамды ақтық сапарға шығарып салады. Әбден қалыптасқан рәсімді ретке келтіргісі келген діни басқарма жаназа шарттарын ғұламалардың талдауына ұсыныпты. Жыл соңына дейін арнайы кітап та дайындалмақ. Бас мүфти кең байтақ қазақ даласындағы жерлеу рәсімін бір ізге түсіреміз деп уәде берді.
"Дәстүр мен шариғатты ұштастырып, елге жеткіземіз. Құдай қаласа, түседі. Өйткені дәстүрдің де озығы мен тозығы бар. Шариғатқа қайшы келетін дәстүрлерге мүлдем тыйым саламыз. Ал шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрлеріміз көп қой. Оны біз мақұлдаймыз", - деді Бас мүфти.
Еліміздегі дін ғұламаларының басын қосқан жиында бұдан өзге адам ағзаларын алмастыру, бүгінгі имамдардың тұлғасы, діни терминология мәселелері сөз болды. Дін өкілдерінің қызметтік этикасы қабылданды.
Халық арасында кең таралған "халал" ұғымы да ұзақ талқыланды. Тіпті, "халал" қонақ үй, "халал" бала-бақша, "халал" техникалық жөндеу орталықтары да пайда болып, "адалдықты" білдіретін сөздің мәнін қашқан.
"Осы "халалды" халыққа нақты түсіндіру керек. Кезінде ол "халал" деген сөздің өзі еттен, өнімнен, колбасадан шыққан еді. Енді қазір затқа да ауысты. Түсініспеушіліктер көп туындап отыр", - дейді ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев.
Шариғатқа қайшы келетін бірнеше түсінікке талдау жасаған ғылыми кеңесте "халал" сөзін тек азық-түлікке, ал өзге қызмет түрлеріне "шариғатқа сай" деген ұғым беру ұсынылды.
Діни терминдердің біршамасын қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне икемдеу мақсатында бірнеше сөз бұдан кейін өзгеше аталуы мүмкін. Тіпті, "халал" сөзінің орнына "адал" сөзі қолданылмақ.