Өскемен іргесіндегі ауыл 4 жылдан бері жарықсыз отыр
2014 ж. 03 қараша
1892
1
Өскеменің іргесіндегі ауыл тұрғындары облыс әкімінен көмек сұрады. Төрт жылдан бері жарықсыз отырған бұқараның өзге шенеуніктерден көңілі қалған. Ендігі үміттері тек аймақ басшысында екен.
Бірақ Үкіметке алақан жайса да, жарық жырының бүгін-ертең бітер түрі жоқ. Өйткені ақжағалылардың айтуынша, қала қазынасында қаржы тапшы. Сондықтан шу шығарғандарға тек шыдай тұруы тиіс.
Тоқсан түтіні бар шағын ауылдың тұрғындары өркениеттен тыс қалып отыр. Төрт жылдан бері мұнда жарық жоқ. Сондықтан елді-мекенде мұнда қиыншылық кеш бата басталады.
"Күнде осы. Міне балабақшадан келе жатамыз, жолдың бәрі балшық. Жол жасалмаған. Аялдамадан ұзақ", - дейді ауыл тұрғындары.
Ауылда электр бағандары мен трансформатор атымен жоқ. Қашан қойылары да беймәлім. Қуат көзінің болмауы баланың білім алуына кедергі келтіруде. Олар білте шамға телміріп сауат ашуға мәжбүр. Ал тұрмыстық техниканың барынан жоғы.
Ал тұрғындар жарықтың жоғынан тоңазытқышты шкаф ретінде қолданып отырғанын айтады. Төзімі таусылған бұқара не істерін білмей басы қатуда. Биліктен де қайыр жоқ деп ашынады. Наразы топ, жай сөзге иланбаған ақжағалылардың енді жағасынан алуға бар.
"Ақмердің халқы екінші рет жиналып отырмыз.Сұрайтынымыз Бердібек Машбекұлы, өтініш бізге кішкене көңіл бөліңізші. Жолымызға, жарыққа біраз ақша керек. Енді жарықсыз тұру мүмкін емес", - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Рахима Романова.
Шенділердің ашуға мінген ағайынды жұбатар жауабы болмады. Ауыздарын қу шөппен сүрткен олар, қазынада қаржы жоқ деп қарап отыр.
"Қаланың қазынасында қаржы жоқ. Бәрі ақшаның бөлінуіне байланысты шешіледі. Мүмкін ақша келер жылы бөлініп қалар", - дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Владимир Головатюк.
Осылайша, шу шығарғандардың әкімдіктің алдына келуінен де түк шықпады. Жаны ашыған сыңай танытқан атқамінерлер, бұқараға тек күте тұруға кеңес берді.