Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков жаңа фильмге сценарий жазды
2014 ж. 03 қараша
2110
0
20 қарашада "Оберон қастандығы" шытырман оқиғалы фильмі көрерменге жол тартады. Оның сценарийін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков жазған. Бұл туралы "Қазақфильм" АҚ-ның Facebookтегі парақшасында жазылды деп хабарлайдыBaq.kz.
Фильм ғарыштағы Оберон - Уран спутниктарының бірі жайында. Ал Жерде ол Қазақстан аумағында ғана табылған сирек кездесетін жалғыз металл.
Сыбайласқан шенеуніктер мен халықаралық криминалитет Оберон элементін шетелге шығарып сатпақ болады. Олардың ойын жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Бас тергеу басқармасының полковнигі Шыңғыс Арланов қарсы болады.
Қылмыскерлер снаряд құрастырып, оны Алматының орталығында сынақтан өткізеді. Элемент үшін күреске радикалды күштер де кірісіп, жағдай ушыға түседі. Полковник Арланов пен оның жақтастары жанын пида етсе де, лаңкестердің жолын кесіп, тәртіп орнатуға бел буады.
Картина режиссері Айдар Баталов болғаны айтылды. Басты рөлде журналист Ердос Төлегенов ойнайды.
Сондай-ақ, көрермендер бұл фильмде Бауыржан Әбішев, Ғани Құлжанов, Әділ Есенболатов, Дулыға Ақмолда, Айнұр Ниязова және Ерік Жолжақсынов сынды актерлерді көре алады.