Халқы ауыз суға жарымаса Қарағанды облысының әкімінен не қайыр?!.
2014 ж. 21 қазан
1906
1
Қарағандыда шенеуніктердің есте сақтау қабілетінің нашарлығынан 600-дей тұрғын ауыз суға жарымай отыр. Жергілікті басшылар Сортировка жеке секторындағы 4 көшені орталық су құбырына қосуды ұмытып кеткен-мыс деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Жазда аудандағы барлық ауылға су құбыры жүргізілген. Тұрғындарға қаланың бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов та кезінде "су болады" деп уәде берген еді. Алайда экс-әкімнің қамауға алынуына байланысты бұл мәселенің шешімі кейінге қалдырылды.Енді 4 көшенің тұрғындары әділдік іздеп шығуға мәжбүр. Қарағандыдағы Рабочий елді мекенінде бірнеше жылдан бері ауыз су жоқ. Азды-кем суды әупіріммен беретін қолдан жасалған құдықтың да пайдасы шамалы. Көпбалалы ана Айгүл Байсалова киім-кешекті айына бір рет қана жуамын дейді. Ал күнделікті тамақ пісіретін суды көрінген жерден алады.
" 50-60 үйге су қосуды ұмытып кеткен. Қалғанының бәрін тартыпты. Білмеймін мен, қай жақта жүріп, қай жақта өмір сүріп жатқанымды. Мына су таза емес. Сүзіп, қайнатып барып ішеміз", - дейді Лермонтов көшесінің тұрғыны Аманжан Түсіпбаева.
Пионерская көшесінің тұрғыны Айгүл Байсалова болса, қотыр, карантин жайылса, қыстан қалай шығамыз деп уайымдап отыр.
"Жолдастарымыз таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Колонка деген 2 шақырым жерде. Көктемде су көтеріледі. Құдықтағы суды адам түгілі мал ішпейді. Білмеймін мен не істейтінімізді. Бармаған жеріміз жоқ. Ашапаған есігіміз жоқ", - дейді Айгүл.
Заманауи магистральды су жүйесін Көкпектідегі дамба жарылған соң, су басып қалған көшелерге жүргізген. Ал апаттан аман қалған үйлер әлі сусыз отыр. Былтырғы қыста қашықтағы құдыққа барамыз деп, бірнеше адамның қолы үсіп кеткен.
Қарағанды қалалық құрылыс басқармасының бөлім жетекшісі Жақсылық Шалабеков болса, әрқашан жақсы нәрседен үміттену керектігін айтады.
"Жақсы жаңалық еститін күн де алыс емес. Біз осы жылдың соңына дейін осы көшелерде су құбыры жүйлерін жасау жұмыстарын істеп, Сортировка тұрғындарын сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз", - дейді ол.
Тұрғындар шенеуніктерден сол бақытты күн туғанша, тым болмаса таза су тасып берсе деп, өтініп отыр. Әйтпесе мына судан індет тарап, уланып қаламыз ба деп қауіптенеді.