ӨСКЕМЕН қай елдің қаласы?! 707 атаудың қазақшасы 2 пайыздай ғана...
2010 ж. 23 шілде
8020
11
Жақында Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында болған едім. Алғашқы жұмысын Ұлы Абайдың басына тәу етуден бастаған, Өскемен қаласында Абайдың ескерткішін ашып, Алтай ордасына Алаштың иісін алып келген облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың игілікті істері жалғасын тауып жатқанына көз жеткізу қиын емес екен. Бұл туралы республикалық бұқаралық ақпарат құралдары жиі жазып та жатыр. Әсіресе, қақаған қыстың толассыз тасқыны бүкіл облысты ауыр сынға алғаны белгілі. Әйтеуір, облыс басшылары бұл майданнан құрбандықсыз жеңіспен шықты десек те болады. Соның нәтижесі болар, осыдан бір айдай бұрын облыс әкімі Б.Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысында уақытша құрылған Төтенше жағдайды қалпына келтіру жөніндегі штаб басшысы, Өскемен қаласы әкімі И.Әбішевке Алғыс хат табыстап, еңбегін жоғары бағалады.
Иә, Алтай ордасының ажары кіріп, ұзатылар қыздай жасанып, қала көшелері айнадай жарқырап жатыр. Кез-келген тұрғынмен сөйлессең, орысы болсын, қазағы болсын, облыс пен қала басшыларына алғысын айта жөнеледі. Өскеменнің өз Бәйтерегі де, өндірісті өлкенің алар асуы биік екенін аңғартқандай көкке бой созып тұр.
Бірақ , біз бүгін Шығыстың шырайына, өңір мен қаланың экономикалық-әлеуметтік жағдайының жақсаруына тоқталғалы жатқан жоқпыз. Біздің бүгінгі сөзіміз өскелең Өскеменнің өзгерген өңі емес, көше атауларының көркемдік- идеологиялық бояуының көмескілігі жөніндегі көңілсіз әңгіме...
БАС КӨШЕСІНІҢ ЕКІ АТАУЫ БАР БАСҚА ҚАЛА БАР МА?..
Қаланы біраз аралап көрген соң, қаптаған орысша атаулардың арасынан үш-төртеуінен басқа қазақ қайраткерлері мен қаламгерлерінің есімдерін байқай қоймадық. «Тәуелсіздік» деген көше атының өзі екі-үш жыл бұрын ғана зорға қойылған екен. Оның өзін орысшалап «Независимый» деп алыпты. Ол бейресми , ауызекі атау екен десеңіз, қателесіз... Оны айқайлатып, жазып қойған бүкіл көше бойына... Тіпті, ол Өскемен қалалық Сәулет және қалақұрылысы басқармасының «Өскемен қаласы көшелерінің тізімінде» де солай жазылған. Осылай Тәуелсіздіктің өзі орыс тіліне тәуелді әлі...Сөйтіп, бір көшесі екі түрлі аталатын, екі аты бар әлемдегі жалғыз қала Өскемен болып тұр... Адамда, қалада бір-ақ ат болатыны секілді, көшеде де бір-ақ ресми ат болатынын, ол өзге тілге аударылмайтынын өскемендіктерден басқа елдің бәрі біледі... Анық олай болса, бас көшеге қарап, басқа көшелердің бәріне екі ат қойып шықпай ма? Мысалы, бүкіл қаладағы қаптаған орысша көшелердің бәрін, профсоюзныйды – кәсіподақ, прямойды-тура, прохладныйды –салқын, рабочаяны-жұмысшы дегендей, қазақшаға аударып шықсын... Өскемендіктердің бұл қисынсыз «қисыны» бойынша, Астана қаласының атын «Столица» деп атау керек сияқты...
Қаладағы Октябрский, Красина, Ахмирова, Самсоновка, Защита, Прохладная, Аблакетка деп мәнсіз, мағынасыз кете беретін 34 ауданның бір де-біреуі қазақша аталмайды. 672 көшенің қазақшасы оншақты ғана...Әлгі тізімге қарасаңыз, Өскеменді Ресейдің бір шеттегі, әлі кеңес үкіметі кетпеген бір қаласы екен деп ойлап қаласыз. Бірақ, Ресейдің өзінде Өскемендегідей қызыл империялық атаулар жоқ қой қазір... Қанеки, санап жіберейік... Карл Маркс (2 көше), Киров, Куйбышев, Кутузов (3 көше), Куратов (3көше), Суворов, Степан Разин, Ермак, Фрунзе,Чапаев, Жуков, Свердлов, Дзержинский, Калинин, Микоян, Ворошилов,Р.Люксембург, Клара Цеткин, Крупская, Аврора, Коминтерн, Комсомольский, Октябрьский, Революционный, Советский (3 көше), Правда, Питер коммунарлары, Краснознаменный, Краснодонский, Красногвардейский, Краснофлотский, Краснопартизанский деп қып-қызыл болып, ұзақ-сонар шұбап кете береді. Тіпті Ново-Троицкийге дейін бар. Өскеменге Жириновскиий мен Зюгановтар келсе, «бұл жерден орыс империясы кетпеген екен ғой» деп жылап жіберіп, қайтпай қоятыны анық...
Қаладағы қаптаған мағынасыз атаулардан жаңылысасыз. Себебі сондай сүреңсіз атауларды қос-қостан, тіпті, 6-7 рет қоя берген. Мысалы, Өскеменде Центральный деген 7 көше бар, Паравозный атты көше де 7 рет (1-ші Паравозныйдан, 6-шы Паравозныйға дейін және жәй Паравозный) қойылған. Полтавский, Коммунальный, Кривонос, Невский, Арычный, Б.Хмельницкий деген көшелер 4 реттен қайталанған... Ал осындай 12 көше 3 реттен, 31 көше 2 реттен қайталанған. Бәрі орысша, мағынасыз атаулар. Орыс қайраткерлерінің аттары бітіп қалған соң, Кирпичный, Автогаражный, Зеленый, Путевой, Новый, Шоферский, Кашгарский, Токмакский деген секілді көптеген көшелерді алдын 5-6 реттен қоя берген ғой. Ресейдің Волгоград, Владивосток, Новосибир, Хабаровский, Тульский, Омск, Саратов, Спасск секілді талай қаласы көше аттарына қойылып шыққан. Тек қазақша болмаса болды да... Сонда бұл жерде бұрын қай ұлт болсын, оқыған, озық ойлы зиялылар болмаған ба деген де ойға келесің... «Ау, біз отын оттап, суын ішіп келе жатқан, дарқан даласындай көңілі де кең елдің де кемеңгерлері бар емес пе? Солардың да атын қоймасақ, әсіре әділетсіздік пен әдепсіздік қой» деп, сабаздардың біреуі де айтпаған ба, сонда... Иә, Қазақстанда бәрі бола береді деген осы шығар... Осындай көріністі әлемнің өзге қай елінен елестете аласыз... Атамаңыз...
Қалам ұстағандардан Джек Лондоннан Демьян Бедный байғұсқа дейін әлемнің бар жазушысы бар да, осы өлкеден шыққан қазақтың дана Шәкәрімінің аты жоқ. Одан арғы да, бергі де талай ұлыларымыздың аттары қойылмаған. Потанинге 2 көше бар да, тіпті орыс офицері болып, Ресей патшасына қызмет етсе де, Шоқанымызға бір де көше бермеген...Спартакқа бар да, Бейбарысқа жоқ..., Кутузов, Суворов, Жуков, тіпті қарақшы Ермактың бір өзіне 2 көше бар да, Бөгембай батырға жоқ... Панфиловке көше берген де, Бауыржан Момышұлына жоқ... Дунаевский секілді бүкіл орыс пен шетел әнші-сазгерлеріне көше бар да, Парижді талантымен таңғалдырған әйгілі Әміреміз ұмыт қалған.. Макаренкоға бар да, Алтынсаринге жоқ... Тіпті, Желтоқсан қырғынын жасаған Колбинге бар да, Қонаевқа жоқ...
Қазақша мектеп тым аз. Мемлекеттік мекемелердің түгелге жуығы мемлекеттік тілде сөйлемейді. Абай ескерткішін салғанда кертпартпа кержақтарға қосыла шауып, қарсы болған мәңгүрт қазақтар кездесіп жатса, не сұрайсың... Тұрмыстық мәселелерде тұмсық бұзғыш шенеуніктерімен аты шыққан өңірдің ұлттық мүдделерде ұпай жоғалта беретініне таңғаласың...
Осындай негізгі ұлттың мүддесі аяққа басылған ауыр ахуалды көріп отырып, шаңырақты сыйламай, шалқалағысы келіп жүрген кейбір керауыздардың «Шығыс Қазақстан облысы қазақыланып кетті, орыстарға қысым жасалуда» деп, байбалам салып, іргедегі орманды елге қарап ұлуы үшін қандай бетсіз болу керек екенін елестету қиын... Бұл саналы һәм саяси мәдениеттіліктен жұрдайлықты көрсетеді. Тәуелсіз елде отырып, көрші елдің көсеміне арыз айтуды барып тұрған саяси сауатсыздық деп бағалауға болады. Негізсіз арандатушылықтың авторларын жалпы халықтың алдында жауапкершілікке тарту керек. Қазақтың қандай сынға да шыдас беріп келе жатқан жуандығын... жуастығы деп ойлай беру жақсылыққа апармайды...
АЛТАЙ ОРДАСЫ АҚИЫҚТАР АТЫМЕН АЖАРЛАНУЫ ТИІС
Алтай ордасы Алаштың ақиықтары аттарымен ажарлана түспей ме? Хакім Абай келген Алтай ордасында енді батыр Махамбет есімі де жарқырап тұрса жарасады ғой. Бүкіл қазақтың жоғын жоқтаған Алаш арыстары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтарға және С.Торайғыровқа, көрнекті мемлекет қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедовтерге көше беріліп жатса, Өскемен қаласының өңі кірмей ме? «Алдымен өз ұлдарын ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?» деп жыр Құлагері Ілияс Жансүгіров айтқандай, әдебиет пен мәдениеттегі алыптарымыздың аттарынсыз қандай қалаға қазақы қан жүгіреді. Ел дамуына ерекше еңбек сіңірген қайраткерлер Жұмабек Тәшенов пен Жұмабек Шаяхметовке, Нұртас Оңдасыновқа, биыл 100 жылдықтары аталатын Төлеген Тәжібаев пен Бауыржан Момышұлына көше аттары беріліп жатса, жақсылық қой. Бір келгенімде руханиятқа қамқор, рухы биік, ақынжанды әкім Ислам Әбішевке: «Шығыста әдебиетіміздің шырайын кіргізген қабырғалы қаламгерлер Марат Қабанбай, Асқар Егеубаев, Нұрлан Мәукенұлы мен Талаптан Ахметжандар дүниеге келген. Ендеше Өскеменде олардың атында көше болуы заңдылық емес пе?»- деген едім. Шындықтың бетіне тіке қарайтын Исекең: «Дұрыс айтасын. Өскеменде тіпті қазақтың үш бәйтерегі Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерге де, Алаш көсемдері мен алыптарымыз Сәбит, Ғабит, Ғабидендерге де әлі көше берілмегеніне ұяттымыз... Алтайдың ақиығы Оралхан Бөкейге көше бар екенін ешкім білмейді, ол орталықта емес, белгісіз шеткеріде. Бірақ бұлардың бәрі орнына келеді. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз,» - деп нық жауап бергенде, аузым ашылып қалды. Басқа-басқа, астаналардан бастап, бар қалада аты тұрса да жарасатын, қазақтың көрнекті қайраткерлері мен қаламгерлерінің атында Өскеменде көше жоқ деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті... Көшесі бар екенін ешкім білмейтін Оралханға өзінің Өскеменінде ескерткіш орнатса да артық емес... Петропавлдың атын қазақшаға ауыстыра алмау, кешеге дейін Павлодарда Қаныш Сәтбаевқа көше бермеу Қазақстаннан басқа әлемнің өзін-өзі сыйлайтын бірде-бір мемлекетінде болуы мүмкін бе? Әрине, бәрі жергілікті басшыға байланысты екені анық. Ұлттық саясатты ұтымды жүргізген, мемлекеттік мүддені қорғай алған басшы барлық жерде де елді соңынан ерте алады... Таяуда талантты жазушы-драматург, Талаптан Ахметжанның жылдық асында дүлдүл қаламгер Дидахмет Әшімхан: «Біз Шығыста Бердібек Сапарбаев пен Ислам Әбішев тұрғанда, барынша пайдаланып, қаланы қазақыландырып алуымыз керек. Әйтпесе, ертең олар кетіп қалса, бәрі таз қалпына түседі...»,- деген еді. Дәкеңнін өзі Шығыс тумасы болған соң, шырылдап жатқанын түсінуге болады, әрине... Қазақтың классик жазушысы Қалихан Ысқақ та: «Ол екеуі ерекше еңбек етіп жатыр, ұзағынан сүйіндірсін», - дейді ризашылығын жасыра алмай... Ал талай сыннан өткен саңлақ саясаткер, беделді басшы Бердібек Сапарбаев пен іскер әкім Ислам Әбішевтер асқар Алтайда ел күткен асулардан көріне алады деп сенеміз... Қазыбек ИСА QAZAQUNI.KZ https://www.qazaquni.kz/2010/08/03/2979.html