Діни басқарманың негізгі құрамы Астанаға көшетін болды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен алқалы жиында осындай шешім қабылданды. Діни басқарманы Астанаға көшіру жоспары бірнеше рет талқыланып, жыл басынан бері жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізіліп келген еді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.«Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Аппаратының негізгі құрамын Астанаға көшіруіміз қажет. Бұл – Діни басқарма үшін маңызды қадам. Астанада жұмыс қарқынын күшейтеміз. Мұндай тарихи шешім бәрімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Елордада Діни басқарманың жаңа ғимаратының құрылысы басталғанына қарамастан, уақытша кеңсе табуды наиб мүфти Серікбай қажы Ораз бен Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиевке тапсырамын», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Алқалы жиында Бас мүфти Алматыдағы ғимаратта жұмыс жүйелі жүргізіле беретінін баяндады. «Кейбір адамдар Діни басқарма біртұтас көшетін болыпты дейтін көрінеді. Олай емес. Мәдени, әдеби, діни ошағымыз – Алматы әрқашан мүфтият үшін маңызды. Осындағы ғимаратта да жұмыс істейміз», – дейді Бас мүфти.
Басқосуда Ержан қажы Малғажыұлы осынау игі бастамалар мен дін саласындағы тарихи оқиғалар халқымыздың дархан мінез, досқа қамқор кеңпейіл ниетінің, ұлттар татулығының һәм бірлігінің арқасында жүзеге асып жатқанын айтты. Ынтымақ болса, ырыс та, береке де болатынын тілге тиек етті. Бас мүфти қызметкерлерге жұмысты өндіріп істеп, жауапты кезеңде белсенділік танытуға үндеді.
www.bnews.kz