Террористік ұйым интернетке шығудың өзге амалын тапты

«Ислам мемлекеті» ұйымы АҚШ журналисі Джеймс Фоулидің басын алған жантүршіктірерлік видеоны парақшаларында жариялаған соң, кеңселері АҚШ-та орналасқан әлеуметтік желілер бұл террорлық ұйымға қатысы бар аккаунттарды түгел жапты. Бірақ, ұйым енді өз идеяларын жариялаудың басқа да әдістерін тауыпты.

Өздерін «Ислам мемлекеті» ұйымынанбыз деп таныстырған адамдар. Видеодан скриншот.

«Ислам мемлекеті» ұйымы АҚШ журналисі Джеймс Фоулидің басын алған жантүршіктірерлік видеоны парақшаларында жариялаған соң, кеңселері АҚШ-та орналасқан әлеуметтік желілер бұл террорлық ұйымға қатысы бар аккаунттарды түгел жапты. Бірақ, ұйым енді өз идеяларын жариялаудың басқа да әдістерін тауыпты.

«Ислам мемлекетінің» адамдары екі жылдан бері із-түзсіз кеткен журналист Джеймс Фоулидің басын кескен видеоны интернетке шығарған соң бірнеше сағаттың ішінде жантүршігерлік бейнетаспаны көрген әлеуметтік желідегі жұртшылықтың бойын қорқыныш биледі.

Экстремистік топтың көздеген бірінші мақсаты – Батыс қоғамында жаппай үрей туғызу болса, екіншісі – осы видео арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі радикалдарды қатарына тарту болатын.

Атышулы видео 19 тамыз күні жариялана салысымен Twitter, YouTube сияқты ірі компаниялар қорқынышты материалды алып тастап, террористік топтарға қатысы бар аккаунттарды жоюды қолға алды. Ал «Ислам мемлекеті» өз материалдарын жариялаудың жаңа әдістерін тауып, ашық ресурстарға көшіп, Батыста көп қолданыла бермейтін құралдарды пайдалана бастады.

– Facebook пен Twitter өз ресурстарын қолдануға шектеу қойды екен деп олар өзара ақпарат алмасуды доғарады, өз хабарламаларын таратпай қалады деу ақылға қонбайды. Біз білетін террористік ұйымдар мен өз хабарлары әділетсіз түрде цензураға ұшырап жатыр деп есептейтін кез келген ұйымнан осындай әрекетті күтуге болады, - дейді жасырын онлайн қауымдастықтар туралы «Көлеңкедегі желі» (The Dark Net) кітабының авторы Джеми Бартлетт.

БЕС САТЫЛЫ ЖОСПАР

Vocativ ақпараттық сайтының мәліметіне қарағанда, «Ислам мемлекеті» ұйымының ресми форумы ақпараттық күрес жүргізудің бес бөліктен тұратын нақты жоспарын жасап қойған. Осы жоспар аясында олар өз серверлерін құрып, қолдаушыларын Twitter мен Facebook-тен басқа платформаларға алып кетуді көздейді. Бұған қоса олар Батыс елдерінің телеарналарына хакерлік шабуыл жасауды да мақсат етіп қойған.

Серверлері шашыраңқы орналасып, майда «подминдерге» бөлініп кеткен Diaspora сияқты әлеуметтік желілер Twitter мен YouTube-тен қуылған террористік ұйым жақтастары бірден өздерінің платформасына көше бастағанын хабарлады.

Табыс табуды көздемейтін бұл әлеуметтік желі өкілдері орталықтан басқарылатын басқа сайттарға қарағанда өздерінің платформасында жарияланған материалдарды алып тастау әлдеқайда қиынға соғатынын айтты.

Компания таратқан ресми мәлімдемеде: «Diaspora бағдарламасын кез келген адам өз бетінше пайдалана алады. Ешкімнің бұл бағдарламаны қолдануына тыйым сала алмаймыз, сондай-ақ біз подминдердің шешімдеріне де әсер ете алмаймыз» делінген.

Diaspora басшылығы келесі мәлімдемесінде ірі подминдердің барлығы «Ислам мемлекетіне» қатысы бар барлық аккаунттар мен жарияланымдардың көзін жойғанын хабарлады.

«ВКОНТАКТЕ» ЖЕЛІСІН САҒАЛАУ

Ресейде және бұрынғы Совет одағының орыстілді аймақтарында Facebook-тан да жиі қолданылатын Вконтакте әлеуметтік желісінен парақша ашқан «Ислам мемлекеті» ұйымы осы айдың басында Фоулидің басын алған видеодан бастап түрлі посттарын сонда жариялауға көшті. Бұл парақшаға жазылған орыстілді қауымның біразы «Ислам мемлекеті» ұйымының белгісін өз аватары етіп қойып алған.

Интернеттегі ВКонтакте желісіндегі «Ислам мемлекеті» ұйымы туралы топқа 300-ге тарта қолданушы тіркеліп қойған
Интернеттегі ВКонтакте желісіндегі «Ислам мемлекеті» ұйымы туралы топқа 300-ге тарта қолданушы тіркеліп қойған
 

Басқа веб-форумдарда да белсенді жұмыс істейтін Сейфолла Адиев есімді парақша модераторларының бірі фотоларды Сирия мен Ирактың «Ислам мемлекеті» ұйымының бақылауында тұрған аймақтан тікелей жариялап отырса керек.

Сирияның Адам құқықтарын бақылау ұйымының мәліметіне қарағанда, Сирия мен Иракта «Ислам мемлекеті» ұйымының 80 мыңға тарта мүшесі бар, олардың ондаған мыңы – шетелдіктер. Ирак пен Сирияның ірі қалаларын бақылауында ұстап отырған бұл топ Ислам халифатын құруды көздейді. Жақында олар өздері басып алған аймақтағы саны аз мұсылман шииттерді қырып тастады.

ДИЛЕММА

«Ислам мемлекеті» ұйымының парақшасы ВКонтакте желісінің экстремизмді насихаттамау туралы ішкі ережелерін бұзып отырғандықтан, жақын күндері жабылатыны анық. Бірақ, болашақта бұл ұйым цензорларды айналып өтудің амалдарын табады, себебі мұндай желілерде онлайндағы жеке мәліметтерді қорғауға көп мүмкіндік жасалған деп санайды сарапшы Джеми Бартлет.

Үкіметтер мен корпорациялар интернетті қолданушылардың жеке мәліметтеріне қол сұғады деген мәселе жиі көтерілгендіктен, технология саласында онлайндағы жеке өмір мен интернет бостандығын қорғауға көп инвестиция салынды. Авторитарлық елдердегі саяси белсенділер мен диссиденттерге едәуір бостандық беріп, олардың жазадан құтылуына жәрдемдесіп келе жатқан бұл құралдар екінші жағынан «Ислам мемлекеті» сияқты террористік ұйымдардың цензураны айналып өтуіне де мүмкіндік жасап отыр.

– Бұл платформаларды құрған кісілер осы дилемманы жақсы біледі. Бірақ олар халықтың еркін пікір білдіру құқығын ескере отырып, мұндай жантүршігерлік жиіркенішті насихатқа да жол беруге мәжбүр, - дейді сарапшы Джейми Бартлетт.

Глен Кейтстің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей. http://www.azattyq.org