БАЙ МЫС КЕНІН АЛУ ҮШІН, КЕДЕЙ ХАЛЫҚТЫ КӨШІРЕДІ!!!
2014 ж. 25 тамыз
3722
1
Жезқазған өңірінен 6 мың халықты жақсы аймаққа көшіру үшін мемлекет 250 млн доллар қаржы бөледі. Бұл туралы бүгін "Хабар" телеарнасына эксклюзивті сұхбат берген президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
"Бұл өңірде Қаныш Сәтбаев деген ғұлама ғалымның мыс кенін табуы мен Жезқазған қаласының орнауы екеуі бір-бірімен сабақтас. Қазіргі жағдайда 50-60 жыл өтіп, қанша кен, мыс шығарылды. Жердің қойнауындағы байлықтың таусылатын кезі болады. Сол сияқты Жезқазғанның төңірегіндегі мыс кені таусылып, қаланың жағдайы нашарлай бастады. Бұл табиғи мәселе", - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, осы өңірде мыс кенін өндірумен айналысатын комбинаттың жұмысын ұзарту үшін тың шаралар қолға алынбақ.
"Комбинаттың жұмысын ұзарту үшін жердің астында қалған, орысша терминмен айтқанда, целиктерді игеру қажет. Мұндай ірі кендерді шахтаның төбесін ұстап тұру үшін әдейі қалдырып қояды. Сол кендердің ішінде бай мыс бар. Оны алу үшін үстінде тұрған ауылдарды көшіру қажет. Өйткені, целикті алған кезде жер төмен түседі де, ойдым-ойдым болып, барлығы жер астына түсіп кетуі мүмкін. Сол үшін мемлекет 250 млн ақша шығарып, алты мың жаман, жұпыны үйде тұратын халықты жақсы өңірге көшіріп, астындағы кенді алады. Ол жерлерден 200 млн тонна мыс өндіріледі. Сонда комбинат 20-30 жыл жұмыс істейтін болады", - деді Назарбаев.