Есімов жезөкшелерді көшеден қуа алмай жүрген полицейлерге шүйлікті
2014 ж. 15 тамыз
1778
0
Алматының әкімі Ахметжан Есімов учаскелік инспекторларды көпшілік алдында бір ұрсып алды. Бұған қаладағы тәртіп сақшыларының өз ісін дұрыс атқармай жүргені себеп деп хабарлайды КТК арнасы.
Негізі қала әкімі бұл жиынға жұртты тұрғын үй шаруашылығы мәселесін талқылауға шақырған еді. Бұл тұрғыда ол пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын сынға алды. Шаһарда бұл мәселенің қордаланып қалғаны мәлім. Әкімнің айтуынша, қазір тұрғындардан кооперативтерге қатысты арыз-шағым көп түседі екен."Сейфуллин көшесіндегі жеңіл жүрісті қыздар әлі де емін-еркін тәнін саудалап жүр. Сондай қыздар көшеде тұрғанда, сол жердің учаскелік инспекторы қызметтік көлігінде алаңсыз ұйықтаған. Дәл сол қызметкер кейін жаяу жүргіншілер жолымен жүрген. Сол үшін оның көлігін тартып алса керек, қазір ол мотоциклмен жүріп-ақ жеңіл жүрісті қыздарға қалқан болып жүрген деген ақпарат келді маған. Бұдан бөлек, Көк базарда заңсыз сауда орындары әлі жанданып тұр. Ол жерлерге кім жауапты? Неге жұмыс істемейсіңдер?", - деді қала басшысы.
Тұрғын үйге жауапты мамандар аулалар мен кіреберістердің тазалығын дұрыс қадағаламайды. Басқа да атқарылмай жатқан шаруа шаш-етектен. Сондықтан Ахметжан Есімов жауапты орындарға қатаң ескерту жасады.
Сондай-ақ Ахметжан Есімов жол сақшыларына мемлекеттік қызметкерлердің жол ережесін бұзу фактілері туралы ақпаратты жасырмай, жариялауды бұйырды.
Есімов өз сөзінде, жол жүру ережесі баршаға ортақ, әрі оны бұзған кез-келген лауазымды тұлға заң алдында жауап беруі тиіс екендігін баса айтты деп хабарлайды Астана телеарнасы.
""Маған жол ережесін бұзған кез-келген шенеунік жайында ақпаратты беріп отырыңдар. Ешкімнің атын жасырудың қажеті жоқ. Заңға бағынбады ма, ұстаңдар! Қызметіне, көңіліне қарағанды қойыңдар! Тәртіп орнатыңдар жол үстінде!, - деді шахар басшысы.
ІІД-нің бастығы Серік Күдебаевтың айтуынша, қалада ауыр қылмыстар саны 11 пайызға, ал кісі өлтіру мен қарақшылық шабуыл жасау 1,5 пайызға азайған. Десек те, қала әкімі мен прокуратура өкілдері учаскелік полицейлердің жұмысына көңілдері толмайтынын айтты. Тіпті қала тұрғындарының басым бөлігі учаскелік полицейлердің түрін де танымайды деді қала басшысы.