ЛАВРОВ ӨСКЕМЕНГЕ ҚАНДАЙ МАҚСАТПЕН КЕЛДІ?!.
2014 ж. 11 тамыз
1827
0
Өткен аптада Ресей сыртқы істер министрі Лавровтың Өскеменге жұмыс сапары аяқталды. Кей сарапшылар "бұл сапар Қазақстан мен Ресей арасында қандай да бір келіспеушіліктер барын аңғартады" деген болжам айтады деп жазады Азаттық.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров тамыздың 6-сы мен 7-сі күндері Өскемен қаласына жұмыс сапарымен барды.
Ол Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен бірге Өскемендегі өнеркәсіптік кешендерді – "Қазатомпром" ұлттық компаниясына тиесілі Үлбі металлургиялық зауыты мен "Азия Авто" автожинақтау зауытын аралап көрді. Екі тарап Курчатов қаласында атом электр станциясын салу, Еуразиялық экономикалық одақ интеграциясы тәрізді мәселелерді де талқылады. Сарапшылар Ресей министрінің Өскеменге сапарын әртүрлі түсіндіреді. Саясаттанушы Досым Сәтпаев "Ресей өзін алаңдатқан бірнеше мәселенің жауабын білгісі келеді" деп жобалайды. "Лавровтың сапарының негізгі мақсаты Қазақстан саяси элитасының төңірегінде жүріп жатқан әртүрлі мәселелерге байланысты. Бұлар – Украинадағы жағдай, Ресейге қарсы санкция, Еуразия экономикалық одағының болашағы және осы бірлестікті кеңейту мәселесі. Яғни Қазақстан мен Ресей арасында келіспеушіліктер туындатқан мәселелер бар болуы мүмкін", – дейді Досым Сәтпаев.Лавровтың сапарының негізгі мақсаты Қазақстан саяси элитасының төңірегінде жүріп жатқан әртүрлі мәселелерге байланысты.
"Батыс санкциясының салдарынан экономикалық шығындарға ұшыраудан қауіптеніп отырған Ресей Орталық Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен де экономикалық байланыстарды бұрынғыдан да нығайтқысы келеді" деген пікірді саясаттанушы Талғат Мамырайымов та қоштайды.
Оның сөзінше, "Сергей Лавровтың Қазақстандағы өнеркәсіптік кешендері тығыз шоғырланған Өскеменге сапары соны аңғартады". "Қазірдің өзінде шығынға ұшырап жатқан Ресей Қазақстанмен шикізат көзі ретінде және экономикалық әріптес ретінде байланыстарды нығайтқысы келеді. Экономикалық мәселелерді шешу үшін әуелі Қазақстанның сенімсіздігін жою керек. Қазақстанға Ресейдің экономика емес, сыртқы істер министрінің келуінің сыры осында", – дейді Талғат Мамырайымов. Ресей сыртқы істер министрінің Қазақстанның ірі қалалары Астана не Алматыға емес, шалғайдағы Өскеменге баратыны әу баста-ақ әртүрлі жорылған.Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, Лавровтың Өскеменге сапарын сол өңірде жиі қоныстанған этникалық орыстармен байланыстырып жүргендер қателеседі – "Шығыс Қазақстанда этникалық орыстар мәселесі жоқ".
Бірақ ол да Ресей министрінің Өскеменге барған сапарын түсіне алмағанын айтады.
"Егер Өскемен қаласында қандай да бір ірі оқиғалық шаралар өтіп жатса – басқа әңгіме. Әдетте министрлер сондай кезде келіп жатады. Лавров Қытайға немесе Моңғолияға кетіп бара жатып, жолшыбай Өскеменге бас сұғуы мүмкін. Бәлкім, осыған қарап Ресей мен Қазақстан президенттері Путин мен Назарбаевтың ол аймақта кездесуін күту керек шығар", – дейді Қазбек Бейсебаев. Мамандар соңғы кезде Сергей Лавровтың Орталық Азияға сапары жиілегенін, мәселен, ол шілде айының соңында Тәжікстанға екі күндік сапармен барғанын айтады. Биыл Украина дағдарысы басталғалы Қазақстан мен Ресей үкіметі өкілдері осымен бірнеше рет кездесті. Бұған дейін шілденің 4-інде Қазақстан қорғаныс министрі Серік Ахметов пен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Астанада өткен қорғаныс министрлері кеңесінің отырысында кездескен.