Алматы кәсіпкерлері "барахолканың" орнын басатын жобаны қолдауды сұрайды
2014 ж. 30 шілде
2017
0
Мұндай мәлімдеме Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Өңірлік Кеңестің отырысында жасалды. Өңірлік Кеңестің отырысында сондай-ақ қала бизнесіне қатысты өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылды.
Өңірлік сауда торабы акционерлік қоғам, өндіріс кооперативінің нысаны ретінде немесе Халықтық IPO түрінде құрылады деп жоспарлануда. Осыған сәйкес саудагерлер өздерінің анық сауда орындарын белгілеп, жеке меншік сауда орнын иемдену құқығына ие болады.
«Яғни уақыт өте келе саудагерлер жағдайларына қарай өздерінің сауда нүктелерін сатуға, айырбастауға немесе мұрагерлікке қалдыруға, қажет болған жағдайда жылжымайтын мүлік ретінде кепілдікке салуларына болады. Сонымен қатар жарғылық капиталға түсіретін салым ұйымдастырушы-операторға қатысудан түседі, сауда алаңын алған әрбір қатысушының сауда нүктелеріне пропорционал келеді», - деп түсіндірді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік Кеңесінің төрағасы Иван Кравченко.
Саудагерлерге жобаның ұйымдастырушы-операторының капиталына 22 мың доллар сомасында үлескер болу ұсынылады, бұл сауда орындарын екі жыл мерзімге жалға алудың қазіргі шығынынан айтарлықтай төмен.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық істер жөніндегі орынбасары Ерлан Толысбаев отырысқа қатысушыларды Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен қала әкімдігінің бірлескен жұмыс жоспарымен таныстырды.
Ортақ жұмыстың негізгі бағыттары тұрақты іскерлік орта қалыптастыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған шаралардың тиімділігі, білім беру және адам капиталын дамыту, жеке және мемлекеттік секторлар арасында әлеуметтік қарым-қатынас орнатудан тұрады.
Сонымен қатар Өңірлік кеңестің отырыс барысында Алматы қаласы кәсіпкерлерінің құқығын қорғау Кеңесінің жұмысы да сөз болды. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық істер жөніндегі орынбасары Айтуар Қошмамбетов Кеңес қызметінің қорытындыларымен таныстыра келе, бүгінге дейін өткізілген Кеңестің 4 жиынында 15 мәселенің қаралғаны жөнінде хабарлады:
«Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің құқығын қорғау Кеңесінің мүшелері 10 мәселенің соңына нүкте қойды. Ал, бар-жоғы 5 сұрақ қазір шешілу үстінде», – деді Айтуар Қошмамбетов. Осы Кеңестің төрағасы Тілек Байғабылов жергілікті және мемлекеттік органдардың Кеңес отырысына шақырулардан бас тартып, отырысқа келмей жүргендерін айта кетті.
Отырыс барысында алматылық кәсіпкерлер техникалық реттеу мен кәсіпкерлікке тиімді жағдай жасау шараларының іске асуы туралы мәселелерді де көтерді.
ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев ҚР ҰКП «Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Заң жобасының әзірленуіне қатысқанын айтты.
«Үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін аталмыш Заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізуге уақытымыз бар. Енді Үкіметтің әр отырысында кәсіпкерлердің бизнесіне кедергі келтіріп жүрген мәселелер көтерілетін болады», – деп қорытты Нұржан Әлтаев.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі