Интерпол Ілияс Храпуновқа іздеу жариялады!
2014 ж. 15 шілде
1716
0
Алматы қаласының бұрынғы әкімінің ұлына халықаралық іздеу жарияланды. Интерполдың сайтына оны іздестіру туралы бағыттама орналастырылды деп хабарлайды Тengrinews.kz.
30 жастағы Ілияс Храпуновқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарды, қылмыстық қоғамдастыққа араласты, заңсыз жолмен алынған қаражат пен басқа мүлікті заңдастырды деген күдік келіп отыр.
Интерпол Храпуновтың баласы туралы білетіндердің бәріне хабарласуды өтінеді. Бұған дейін Женева прокуратурасының Храпуновтар отбасын ақшаның ізін жасырды деген күдікпен тергей бастағаны туралы ақпарат пайда болған еді.
Храпуновтардың Credit Suisse және Schroder & Co Bank AG қаржы ұйымдарындағы есепшоттары түгел тоқтатылып, құжаттамалары тәркіленген. Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейлаға қатысты қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, алаяқтық, иемдену, т.б. деректер бойынша барлығы 24 қылмыстық іс қозғалған.
Биылғы маусым айында Қазақстан Алматының экс-әкімін экстрадициялауға сұрау салды.
Бұған дейін Ілияс Храпуновтың Швейцарияда тұрып жатқаны хабарланған еді. Ол БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігінде Орталық Африка Республикасының дипломатиялық миссиясы кеңесшілерінің бірі болып шықты.