Әнші Бейбіт Күшқалиев қасиетті Рамазан айы жайлы ой бөлісті
2014 ж. 04 шілде
1960
1
Рамазан — Хижра күнтізбесінің тоғызыншы айы. Бұл айда мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәреден күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады. Рамадан сөзі «күйдіру, өте ыстық» дегенді, яғни өткен күнәларды күйдіріп, өшіруші деген мағына береді. Бұл айда орындалатын ең басты діни амал – ауыз бекіту, ораза болып саналады.
Рамазандағы ауыз бекіту ислам дінінің бес парызының бірі болып табылып, бүкіл әлем мұсылмандарымен жыл сайын орындалып отырады. Бұл парыздың маңыздылығы соншалық, кейде ауыз бекіту амалын Рамазан деп атауға дейін барады. Бірақ Рамадан — ай аты болса, ауыз бекіту парызы — қазақша ораза деп аталады. Ораза — Алламен жақындасуға бет бұратын әр мұсылман тұлғаның өз алдындағы ғибадаты. Ораза ұстау амалының мақсаты – жүректі дүниелік тіршіліктен аластатып, адамның ішкі дүниесін зақымнан тазарту болып саналады.
Әрі қарай Ислам дінінің құндылықтары мен қасиеттері жайлы әнші – Бейбіт Күшқалиев сыр бөліседі:
Алдымызда келе жатқан ораза айы Исламда қасиетті Рамазан айы деп аталады. Себебі, ораза деген – ол жалпы атау. Мысалы, біз ертең де ораза ұстай аламыз, оның ішінде нәпіл оразалары бар. Бірақ, Рамазан айы – Исламда орны бөлек қасиетті ай. Шайтандар кісенделіп, адамдар жақсы амалдар істесе, сауаптары еселеніп алынады. Өзім 1995-1996 жылдардан бастап оразаны үзбей ұстап келемін, Аллаға шүкір!
Бұл ай –қуаттану айы деп аталады. Себебі, адам иман жағынан рухани қуат алады. Сонымен қоса денсаулығы жақсарады. Сауап жинап, күнәлары төгіледі. Кедейдің жағдайын, аштықтың не екендігін түсінеді. Адамдар тәубесіне келеді. Мешітке барып, тарауық намазын оқып, жамағатпен көрісіп, жұмада ғана көретін бауырларын күнде көретін болады. Яғни, бұл айда сауап теңіздей ағады.
Айта берсек, Рамазан айының адамзат баласына пайдасы шексіз. Бірақ, кейбір адамдар, өкінішке орай, сауаптардан мақұрым қалып жатады. Барлығы да ниетке байланысты. Қасиетті Құран отыз парадан тұрады. Рамазан айы да шамамен отыз күндей болады. Сол айдың ішінде Құранды басынан аяқ оқып шығамын. Алдыма сондай мақсат қоямын. Көп дұға ету керек. Алладан көп кешірім сұрауымыз керек.
Содан кейінгісі мың айдан да қайырлы – Қадір түні. Бұл түнді көбінесе, өзім жалғыз өткізгенді қалаймын. Себебі, Алланың алдында риясыз дұға сұрайсың, жылағың келсе де жылап аласың. Көпшілігі мені шетелден діни білім алып келді деп қателесіп жатады. Шындығында олай емес. Негізгі мамандығым – филолог. Нұр-Мүбәрак Университетінің түлегімін. Әрине, араб тілінің қағидаларының барлығы Құранмен байланысады. Сол себепті, араб тілін үйренгенде Құраннан аяттар, хадистер әкеледі, талқылайды. Сондықтан да араб тілін оқығандықтан дінге жақындығым болды.
Өзім медресе бітіргенмін. Мысыр еліне барып, араб тілімді дамыттым. Малайзияда елінде болып, ағылшын тілімді дамыттым. Ағылшын, араб тілдерін еркін меңгергенмін. Аллаға шүкір, асып-тасып білмесем де, діннен хабарым бар. Ақ пен қараның ара жігін ажыратып үйрендім. Аллаға тәубе, отбасымызбен жыл сайын ораза ұстаймыз. Жарым Нұр-Мүбәрак Университетінде ағылшын тілінің мұғалімі. Бірақ, қазір балалар әлі кішкентай болғандықтан солардың тәрбиесімен отыр. Екі балам бар. Жастары – алтыда, төртте. Қазақи тәрбиемен өсіріп жатырмыз. Себебі, қазіргі таңдағы жастардың тәрбиесі алаңдатады. Өнер адамдары болғаннан кейін, көп жерлерде жүреміз. Өзіміздің кейбір қаракөз іні-қарындастарымыздың істеген қылықтарына қарап қарның ашады. Не ұят, не мәдениет жоқ. Дұрыс па ол?! Оның бәрі ең бірінші адамның өзіне байланысты.
Міне, қазақ эстрадасының әншісі – Бейбіт Күшқалиев, осылайша өзінің бұқпасыз, боямасыз ойларымен, риясыз әңгімесімен бөлісті. Бес парыздың бірі – оразаның адам баласына әкелетін сауабы мен пайдасы мол екенін ескере отырып, барлық мұсылман қауымына Аллаһ Тағала Рамазан айында ораза тұтып, мол сауапқа кенелуді нәсіп етсін!