«Серке» деген бір сайт бар. «Серкенің» соңғы кезде кейбір басылымдар секілді оппозицияны қақ бөлген ЖСДП жағына шығып кеткені де жасырын емес. Мен туралы да көп нәрсені былықтырып жазып жүр. Сотқа да беруге болатын шығар. Бірақ өз басым тәуелсіз БАҚ жағында жүргеннен кейін, ондай ойдан әзірге аулақпын. Бірақ, кім біледі, уақытында көрерміз. Жалғыз мен емес, билікке салмақты сын айта алатын басқа да тұлғаларға орынсыз тиісуіне қарағанда, бұл сайт биліктің, әлде, биліктің ығынан табылығансып ұлт ішін алатайдай бүлдіруді көздейтін күштердің ықпалында болса керек. Қазір өзі өміршіл емес, өсекшіл БАҚ-тың заманы боп кетті ғой. Жақында бұл сайт мен туралы бірдеңе жазыпты. Сайттың жазуына қарағанда мен Қажыгелдинннің үйін тартып алыппын. Осындай жалаға байланысты менің жауабым мынадай:
Қажыгелдин менің рухани ағам әрі досым. Ол кісіні ешқашан сатқан емеспін. Ол кісіге қатысты еш жаман сөз айта алмаймын. Бейнелеп айтсақ, мен Қажыгелдиннің үйін емес...күйін, осындағы аты мен затын «тартып» алғанмын! Жаңа ғана Әкежан Мағжанұлымен сөйлесіп, осы мәселені айттым, сайттағы мақаланы әлі көрмепті.«Ол үйге менің еш қатысым жоқ! Сен менің елдегі рухани әріптесім боп келдің, кезінде менің орынбасарым болдың, РНПК-ны мен сыртта жүргенде жалғыз басқардың. Оппозициялық көзқарасың үшін ұрылдың, соғылдың, сотталдың. Сондықтан кезіндегі өзің ие болып, өзің рұқсат беріп, РНПК офисі болған шағын үйдің тағдыры өз қолыңда», - деді. Және де нақтылап айтарым, ресми түрде ол үйге Қажыгелдиннің еш қатысы жоқ. Сондықтан осы әңгімені қоздырушылар Қажыгелдинге тағы да бір, әлі біз білмейтін айыптар тағылуына жол ашқысы келеді деп ойлаймын. Ол кісіге қарсы қылмыстық істер әлі де доғарылмағынын қаперге ала отырып, мынаны ескертемін. Иә, сол үй ресми құжат бойынша менің үйім. Қазір менің рұқсатыммен онда РНПК-дағы бұрынғы бір досымның інісі тұрып жатыр. Үйді ресми түрде мен, Әміржан Қосанов, осыдан он шақты жыл бұрын сатып алғанмын. «Серке» сайты оны қазір ғана былықтырып жатқанынының және оған сол жігіттің араласуының астарын мен түсініп отырғандаймын. Ол үйді мен не істеймін, Қазақстан заңдары бойынша, менің өз еркімде. Сондықтан «Серке» сайты сенсацияға сусап бара жатса, биліктегі мықтылардың меншігін жария етсін. Әрине, әліжеткенді ғана мүйіздей алатын біздің «Серкенің» ондай қиын тақырыпқа тәуекелі жетпесі анық.
PS. Айтпақшы, кезінде, шетелге кеткенде Қажыгелдин өзінің отбасы тұрған пәтерді де менің атыма жазып берген. Бірақ Қазақстан соты оны да тартып алған. Жазу керек болса, сол туралы жазыңдар, «серкеліктер».
Әміржан Қосанов
Abai kz
"ҚАЖЫГЕЛДИННІҢ ҮЙІН ЕМЕС, КҮЙІН "ТАРТЫП" АЛҒАНМЫН!"
2014 ж. 03 маусым
3035
4