Қаруланған адамдар Абхазия президенті әкімшілігін басып алды
2014 ж. 28 мамыр
1486
0
"27 мамыр күні кешке көптеген адам қатысқан шеруден соң оппозизия жақтастары Сухумиде Абхазия президенті Александр Анквабтың әкімшілігін, сондай-ақ, базбір дерек көздерінің мәліметіне қарағанда, телевидение ғимаратын да басып алған" деп хабарлайды Tengrinews.kz РИА Новости ақпарат құралына сілтеме жасап.
Қаруланған оппозиционерлер ғимаратқа басып кіріп, республика басшылығының қызметтен кетуін талап етіп, билікті өз қолдарына алатынын мәлім еткен. Наразылық білдірушілер министрлер кабинетінің, Бас прокурордың және бірқатар аудан басшыларының қызметтен кетуін талап етіп отыр. Қазір шерушілердің бұл әрекеті мемлекеттік төңкеріс жасау деп бағалануда.
Ал абхаздық телеарналардың біріне сұхбат берген Александр Анкваб өзінің елден қашып кеткені жайлы ақпаратты жоққа шығарды. "Мен ешқайда кеткем жоқ. Мен Абхазиядамын. Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерімен болған жағдайды талқылап жатырмыз. Менің және менің әріптестерімнің басты мақсаты - бұл оқиғаның ел үшін түзелмейтін жағдайға ұласып кетуіне жол бермеу"
Анкваб президент әкімшілігі ғимаратын қорғап, жағдайға сәйкес басып алушыларға қарсы қатаң шара қолдануға мүмкіндігі болғанын, бірақ ондай бұйрық бермегенін айтады. Абхазия президентінің пайымдауынша, әлі де жағдайды қалыпқа келтіріп, мәселені құқықтық жолмен шешуге толық мүмкіншілік бар.
"Күштік құрылымдар отанға берілген, олар жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараны қолданады. Біз мәселені құқықтық тұрғыдан шешуге бар күшімізді саламыз. Басқа жол жоқ, мен бұған сенімдімін" деп баса айтты Анкваб.
Сәрсенбі күні таңертең Абхазия парламенті депутаттары елді саяси дағдарыстан алып шығу жолдарын талқылайтын төтенше сессия өткізеді.
tengrinews.kz