Балабақша тәлімгері бұрын адам тонап, қыз зорлаған
2014 ж. 24 мамыр
2185
0
Алматы облысының білім саласынан кезекті тексеріс барысында Талғар ауданындағы мектептер мен балабақшаларда бұрын істі болған адамдар қызмет етіп жүргені анықталды.
Араларында тіпті алаяқтықтан бастап, кәмелетке толмаған қызды зорлау дерегімен түрмеде отырып шыққандары бар, деп хабарлайды КТКарнасы.
Қызметінен айлап қашып жүрген Дастан Жанаевтың әбден дегбірін қашқаны көрініп-ақ тұр. Арты қуыс алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі байыз тауып орнында отыра алмады. Ұстаздық етіп жүрген бұл жігіт бұрын екі рет сотталған. Бірінде кісі тонаған, кейін кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болған жерінде құрықталып, түрмеде отырып шығыпты.
Сөйтіп жазасын жартылай өтеп шыққан ол 6 жылдан бері мектепте сабақ беріп жүр. Ал бір емес, екі рет сотты болған адамды қызметке алған №49 мектептің директоры өзінше ақталып әлек.
"Жанаев Дастан сылтау айтып жүрді. Соңғы сылтауы отбасында келіспеушілік болғандықтан жеке куәлігінің әйелінде екенін айтты. Біздің өзіміз енді бұл баланы сондай іс әрекетке барды содан қашып жүр деп ойламадық", - дейді Талғар ауданы №49 орта мектеп директоры Алмагүл Асанова.
Талғар ауданындағы тағы бір мектепте ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған ұстаз алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беріп жүр. 2008 жылы өзгенің мүлкін қолды қылды деп Ерғұлан Кәрібозовтың 1 жылға бас бостандығы шектелген.
"Жоқ мен 2 жылдан кейін тексердім ЦОН-нан. Цон сотталмаған деген қағаз берді. Сол бойынша келдім. Мен компьютеге кіріп тексереді деп ойлаған жоқпын", - дейді Талғар ауданы №21 орта мектеп мұғалімі Ерғұлан Кәрібозов.
Айыбы айғақталғандар енді қызметінен қуылмақ. Балаларды әскери іске тек сотталғандар дайындайтын ауданның білім басшылары да жауапсыз қалмайды деп сендірді прокурорлар.
"Аудандық білім бөліміне бұл адамдармен еңбек шартын бұзу туралы қаулы жібердік. Және қылмыс жасаған азаматтарды қызметке алған директорлардың да ісі қаралады. Өйткені қажетті құжаттарды толық сұратпай өздері де заңнан аттап отыр", - деді Талғар ауданының прокуроры Ерлан Өтегенов.
Қазір прокурорлар Талғар ауданындағы 40 мектеп пен 7 балабақшадағы қызметкерлердің өткен-кеткенін, не тындырып не еткенін толық тексеріп шықпақ.
Балабақша демекші, тағы бір заңсыздық. Осы ауданның Колхозшы ауылындағы “Балапан” балабақшасында өзгенің қаржысын қымқырғаны үшін 5 жылға сотталған азаматша тәрбиеші боп қызмет атқаруда екен. Олардың ісі де майшаммен қаралуда.
КТК арнасы