Одессадағы қырғынға саясаткерлердің қатысы бар
2014 ж. 20 мамыр
1432
0
Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков Одессада ондаған адам қаза тапқан 2 мамыр күні болған тәртіпсіздіктерге "жергілікті саясаткерлердің қатысы бар" деп санайды. 19 мамыр күні Киевте сөйлеген министр қырғынға Одесса қалалық кеңесінің депутаттарының қатысы бар деген күдікпен олардың бірқатарына іздеу жарияланғанын айтты-деп хабарлайды Азаттық.
2 мамыр күні Одессада Украинаның тұтастығын қолдайтын шерушілер мен ресейшіл топтар қақтығысып, 48 адам қаза болған еді. Олардың көпшілігі Кәсіподақтар үйінде шыққан өрт кезінде мерт болған. 247 адам жараланған.
Министрдің орынбасары, Украина ішкі істер министрлігі бас тергеу басқармасының басшысы Виталий Сакал 19 мамыр күні өрт болған Кәсіподақтар үйі ғимаратынан хлороформ табылғанын мәлімдеген. Оның ғимаратқа қайдан әкелінгені түсініксіз. Сакалдың айтуынша, қаза тапқан 48 адамның 32-сі "белгісіз заттың әсерінен жүрегі тоқтап және булығып" өлген.
Одессадағы қырғынды тексеру барысында 12 адам ұсталған.
Ресей Киевті Одессадағы оқиғаның шынайы себептерін жасырады деп санайды. 19 мамыр күні Мәскеуде сөйлеген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров адамдардың тек өрттен ғана емес, уланып және оқтан да қаза тапқанын мәлімдеген.
Лавров Ресей Одессадағы оқиғаға БҰҰ және ЕҚЫҰ арқылы халықаралық деңгейде тексеру жүргізуді талап ететінін айтты.
"Алаш айнасы"