"Қолжетімді баспана" - қол жететін баспана емес
2014 ж. 20 мамыр
4038
0
«Қолжетімді тұрғын-үй -2020» мемлекеттік бағдарламасы неге лайықты нәтижеге қол жеткізе алмауда? 2012 жылы кезекке тұрғандар саны 147 мың болса, бүгінгі күні ол 268 мыңға жетіп отыр. Яғни бір жарым жылдағы өсім 80 пайызға жеткен. Бұл не деген масқара? Кезектің азаюдың орнына көбейіп отырған себебі неде? Міне, осы сұрақтар Мәжіліс депутаты Талғат Ерғалиевті мазалап, ол палата отырысының соңғы пленарлық отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына сауал жолдады.
Өзінің сауалында депутат қолжетімді тұрғын үйдің қол жеткізбей кеткен себептерін де ашып көрсетіпті. Соның ішінде «қолжетімді тұрғын-үй» бағдарламасы бойынша 62 млн. шаршы метр (жуық шамамен 1 млн. пәтер) салу көзделген болса, мемлекет соның 17 пайызын ғана өзі салуды жоспарлағанын айта келіп: міне, кезекке тұрғандардың бәрі тұрғын үйлерді осы қатардан алуға иектері қышиды дейді.
Іс жүзінде не болып жатыр?
Іс жүзінде мемлекет өздігінен түк те салмайды, ал тұрғын-үйлерді «Тұрғын-үйқұрылысжинақбанкі» және Қазақстандық ипотекалық компания (ҚИК) сияқты мемлекеттік ұйымдар арқылы жекеменшік компаниялардан сатып алады немесе оларға тапсырыс береді. Сосын сатып алынған тұрғын-үйлердегі пәтерлерді кезектегілерге береді. Алайда, осы екі ұйымды да мемлекеттің «оңдырып» жатқаны шамалы. Мәселен, соңғыларына 2013 жылы 25 млрд. теңге бермек еді, іс жүзінде 15 млрд. теңге ғана берілген. Биылға белгіленген 26 млрд. теңгенің орнына 14 млрд. теңге ғана бөлінген. Мемлекеттің тұрғын-үймен қамтудағы осындай салғырттығы халықты ипотека алуға итермелейді. Ал ипотека дегенің өте бай адамдардың пайдалануына ғана болатын амал. Еуропаның өзінде тек өте жоғары табысы бар адамдар ғана оған бара алады дейді депутат. Біздің елде соған барамын деп қаншама адам дүние-мүліктерінен айрылып, әлеуметтік күйзеліске ұшырады. Барынша дамыған деген Еуропа елдерінде халықтың 60 пайызы мемлекет салдырған үйлерді жалдап тұрады. Біз де үйді жекеменшікке алуға құмар болмай мемлекет салған үйлерді жалдап тұра беруді жолға қоюымыз керек. Бірақ үкіметіміз тұрғын-үй салуға шорқақ болып отыр. Осы мәселені шешу үшін, яғни мемлекеттік тұрғын-үй құрылысын жүргізу үшін құрылған «Тұрғын-үй құрылысы корпорациясы» өзінің негізгі міндетінен ауытқып, қазір жоғарыда аталған ұйымдардың қызметімен айналысып, жекеменшік компаниялардан тұрғын-үй сатып алу ісімен айналысып кетті. Сөйтіп, тұрғын-үй құрылысының нарықтық бағасын бәсекелестік арқылы түсіруге тиісті мемлекеттік құрылыс компаниясы да алып-сату қызметімен шектеліп отыр. Міне, осы корпорацияны өзінің негізгі міндетіне бұратын уақыт жетті. Оның саудамен айналысуын тоқтатып, негізгі міндеті – құрылысқа көшуін қамтамасыз ету керек. Сонда ғана біз тұрғын-үй құрылысында бәсекелестік орта қалыптастырып, бағаның түсуін қамтамасыз ете аламыз және халықтың тұрғын-үйге зәрулік проблемасын шеше аламыз дейді Талғат Ерғалиев.
Осындай мәселелерді көтере отырып депутат өзінің өкілеттігін пайдаланып премьер-министрден төмендегілердің орындалуын талап етті:
- Жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын-үй құрамында мемлекеттік меншіктің көлемін арттыру;
- Тұрғын-үй құрылысы корпорациясының өзінің негізгі қызметі – құрылыспен айналысуын қамтамасыз ету;
- Тұрғын-үй құрылысы саласындағы мемлекеттің қатысы бар компаниялардың міндеттерін қалай орындап жатқанын білу үшін олардың қаржылық-шаруашылық істеріне тексеріс жүргізу;
- «Қолжетімді тұрғын-үй-2020» бағдарламасына сәйкес мемлекеттік құрылысты қаржыландыруды арттыру;
Әрине, осы талаптар орындалып, депутаттың көрсеткен
проблемалары шешілсе ғана Елбасының «Қазақстан -2050» Стратегиясында айтылған: «әрбір қазақстандық үшін тұрғын үйге қол жеткізу нормаға айналсын» деген талабы орындалары сөзсіз. Әйтпесе, құр сөз болып қалады.
Жасын ШҮРЕК, журналист